САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ – БАСТЫ НАЗАРДА

23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқан. Қарғалы ауданында осы жауапты кезеңге дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Сайлау комиссияларының жұмысы, сайлау учаскелерінің әзірлігі және ұйымдастыру шаралары туралы Қарғалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төраға Нәйля Қожақовамен сұхбаттасқан едік.
– Нәйля Сәрсенғалиқызы, алдымен Қарғалы ауданындағы сайлау жүйесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталсаңыз.
– Қарғалы ауданында сайлау жүйесі заң талаптарына сәйкес тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде ауданда 28 сайлау комиссиясы қызмет атқарады. Оның ішінде 1 аумақтық, 11 округтік және 16 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Жалпы комиссиялар құрамында 156 мүше жұмыс істейді. Қазіргі таңда комиссия құрамында бос орын жоқ.
Аудан бойынша 16 сайлау учаскесі орналасқан. Оның 4-і Бадамша ауылында, ал қалған 12-сі ауылдық округтерде жұмыс істейді. Қазіргі таңда ауданда 9 946 сайлаушы тіркелген.
– Сайлау учаскелерінің дайындығы қандай деңгейде?
– Сайлауды заң талаптарына сай әрі ашық өткізу үшін барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Учаскелерде ақпараттық стендтер, дауыс беру кабиналары, компьютерлер және өзге де қажетті құралдар толық дайындалған.
Сонымен қатар көру қабілеті төмен азаматтарға арналған үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, құлаққаптар, арнайы трафареттер, қажет болған жағдайда Брайль қарпімен дайындалған құралдар қарастырылған. Бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
– Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлауға қатысуына қандай жағдай жасалған?
– Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауда. Аудандағы 16 сайлау учаскесінің барлығы пандустармен жабдықталған және шақыру батырмаларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ арнайы автотұрақ орындары белгіленіп, ғимаратқа кіреберістен бастап дауыс беру жәшігіне дейін тактильді бағыттағыштар орнатылған.
Сайлау күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп 2 сурдоаудармашы мен 3 ауылдық елді мекенге қызмет көрсететін 2 инватакси жұмыс істейді.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын, науқасқа күтім жасап отырған немесе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың өтініші негізінде үйде дауыс беру ұйымдастырылады.
Бүгінде ауданда ерекше қажеттілігі бар 70 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 43 адам кресло-арбаны пайдаланады, 21 адамның көру қабілеті бұзылған, ал 6 адамның есту қабілетінде ерекшелік бар. Сонымен қатар барлық сайлау учаскелері бірінші қабатта орналасқан және толықтай қолжетімді.
– Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қалай жүргізілуде?
– 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта учаскелік сайлау комиссияларының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған кезең-кезеңімен оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Аумақтық және учаскелік комиссия мүшелері білімдерін жетілдіріп, тестілеуден өтеді. Бұған қоса саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған арнайы оқыту семинарлары өткізіледі.
– Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай ұйымдастырылады?
– Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізіледі. Аудан бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне арналған 12 орын, ал үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 13 арнайы орын белгіленген.
Бадамша ауылында сайлауға қатысты ақпараттар жарияланатын LED экран жұмыс істейді. Сонымен қатар аудан бойынша 44 ақпараттық баннер дайындалды. Оның 7-еуі Бадамша ауылында, қалғандары ауылдық округтерде орналастырылады.
Біздің басты мақсатымыз – сайлаудың заң талаптарына сәйкес ашық, әділ және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуін қамтамасыз ету.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмшат БАЙХАНОВА




