Рәміздерге ерекше құрмет көрсеткендер ынталандырылады – Балаева

Оның айтуынша, Президент Үкіметтің әлеуметтік саясатына ерекше назар аудара отырып, бұл салада бірінші кезекте шешілуі тиіс бірқатар маңызды мәселені айқындаған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы белгілеп берген негізгі қағидаттар – «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары аясындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі, – деді министр отырыста.
Аида Балаеваның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеу бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұл мақсатта қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі әрі түсінікті нұсқаулықтар әзірленеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру тетіктерін әзірлеу жоспарланып отыр, – деп айтты Балаева.
Еске салсақ, кеше өткен Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетіне қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге тоқталды.




