ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІ

2025 жылдың 1 маусымынан бастап елімізде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Резервке үздік 50 кандидат іріктелетін болады.
Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпей тікелей түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 маусым аралығында беруге болады.
Ағымдағы жылдың 1-30 маусым аралығында қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет. Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беріледі.
Сайтқа тіркелу үшін келесі құжаттардың көшірмелерін жүктеу қажет:
-жоғары білім туралы диплом;
-еңбек қызметін растайтын құжат (ҚР Еңбек Кодексінің 35-бабына сәйкес);
-мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST сертификаты.
Тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек:
1.Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2.Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
3.Сыртқы саясат және инвестициялар;
4.Экономикалық және қаржылық саясат;
5.Цифрландыру;
6.Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Тіркелу барысында сұрақтар туындаған жағдайда кандидат pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo чат немесе +7 700 096 7074 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.
Еліміздің дамуына өз үлесіңді қос!
Қарғалы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі
(кадр қызметі) бөлімі