Президент құнды жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқанын, осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды.
«Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес.
Мысалы таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де – айрықша тарихи нысан.
Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады. Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері.
Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.
Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жаһандық маңызын атап өтті.
Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Бурабайдағы құрылтайдан кейін 6 заң қабылданып, 10 заң жұмысқа алынғанын жеткізді.
egemen.kz




