Өз ісінің шебері
«Мал-жаның аман ба?» деп бір-бірінің жағдайын, малының амандығынан бастайтын әр қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт-түлікке тікелей байланысты десек артық емес. Ендеше, біз сөз еткелі отырған маман да, төрт-түліктің жай-күйі мен саулығы үшін тер төгіп жүрген жан.
Әңгіменің арқауы болып отырған зоотехник, ветврач маман осы салада 40 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз Алпамыс Омаров Шалқар ауданы Қара шақат темір жол стансиясындағы теміржолшы отбасындағы тоғыз баланың үлкені. Ол 1960 жылы тамыз айының 10 жұлдызында дүниеге келген. 1976 жылы Тоғыз орта мектебін тәмамдап, жоғарғы оқу орнына жеңілдікпен қабылданып, сол Тоғыз кеңшарында қойшының көмекшісі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Малдың тыныс-тіршілігіне қаныққан жас бозбала Алматы зооветеринарлық институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы оқу орнының жолдамасымен Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Нариман ұжымшарында 1988-1994 жылдар аралығында ферма меңгерушісі қызметін атқарады. 1994 жылы кезіндегі Ленин ауданының, Жосалы ауылындағы Ленин агро-фирмасына бас зоотехник болып 2000 жылдарға дейін еңбек етеді. Қазіргі құтты мекен болған Кемпірсай ауылдық округіне еңбегімен елеулі тәлімгер, ел ағасы кезінде аудан шаруашылығын өркендетуге елеулі үлес қосқан аға буын, Ленин ұжымшарының төрағасы Алимжан Қасымов, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы болған Байбосын Ешпановтармен үзеңгілес маман бола жүріп, түйгендерін өзінен кейінгілерге де айтып, үйретіп жүрген әріден келе жатқан аға буын маман.
2000 жылдары ұжымшар тарап, әркім еншісін алып, «жекеміз»,- деп желпінген тұста мал азайды, мал маманы да қажет болмай қалғандай болды. Сол кезде өмірден түйгені мол маман Алпамыс Нұржанұлы мемлекеттік қызметке ауысып, 7 жылдай статистика саласында еңбек етті. Біздің таң қалғанымыз, өзі қызмет еткен Кемпірсай ауылдық округіне ауылдарда қалған мал есебін бүгінге дейін жатқа соғуы ұқыптылықтың белгісі ме дейсің. Өз сөзінде округте сол кезде 120 аула, 18 шаруа қожалығы, екі өндірістік кооперативі, мал саны-1451 бас ірі қара, 2000 бас қой-ешкі, 150 шошқа, 127 бас жылқы малы деген дерегіне қарап, кезіндегі іргелі елді мекеннің шаруасы қанша төмендегенін де аңғарғандай боласың. Бұл өткеннің елесі, қазір бәрі басқаша. Біздің маман да өз кәсібіне оралған ауылдық округте мал дәрігері болып қызмет етеді. Мал аз демесең, атқарылар жұмыстарда баршылық.Түрлі аурулардың алдын алу іс шарасы, есепке алу, сырғалау, таңбалау, заманға сай базаға енгізу, ертелі-кеш ауырған малға шақыртулар бәрі де еңбекті, ізденісті талап ететін тірлік. Зоотехник пен ветеринарияның міндеті мен қызметі бір десек, біздің кейіпкер екеуін де ойдағыдай атқарып жүрген аға буын, өз ісінің шебер маманы.
Маманның айтары бүгінгі таңда мал дәрігеріне деген көзқарасты жетілдіре түсу керек. Жұмыс көліктері ескі, табысы аз, сондықтан да, жас мамандар көп келе бермейді. Алға қарай жастарды осы мал дәрігеріне көптеп тартпаса, біз сияқты аға буын мамандар азайғанда, мал дәрігерсіз қалама дегенде уәжін айта отырды.
Расында, мал мамандарының еңбегіне қарайтын, қолдайтын уақыт келді. Қазір мал басы өсіп келеді. Еңбектің елеуіндей ауыл маманы марапат, құрметтен де кенде емес. Облыстық, әкімдік, сала басшыларынан алған марапатымен қатар өзі ем көрсеткен мал иелерінің алғысы да ел ағасына дем бергендей. Ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісінің иегері.
Әлі де аттан түспеген еңбек адамының кейінгілерге айтары мол. Ауылда атқарылар игі істердің қолдаушысы, жастардың ақылшысы, жас маманға жол сілтер аға буынның үлгі-өнегесі мол жан.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»