ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕМІСІ

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕМІСІ

Аудандық мәдениет үйінде өткен жылдың жемісі мен жеңісін саралаған салтанатты жиын өтті.

Жиынға аудан ардагерлері мен бүгінгі таңда еңбек көрігін қыздырып жүргендердің бір топ қатысып, жыл қорытындысына куә болып, қошеметке бөленді. Сахна шымылдығын «Кербез» үлгілі бишілер ансамблі ашты.         Салтанатты жиында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев еліміздің тарихи белестеріне шолу жасап, соның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикасының бір жылда жеткен жетістіктерін баяндап, аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосқан аудан тұрғындарына алғысын жеткізіп, келер жылға да табыс тіледі. Одан соң еңбек ардагерлері мен ауданда жасаған еңбегімен көзге түскендерді марапаттады. Мұнда аудан басшысы әуелі облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Жаңылсын Исмагуловаға, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының директоры Найля Кужаковаға, «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы Олег Ровенскийге табыстады. Сосын аудандық мәдениет үйінің қызметкері Арман Бисекеновқа «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Петропавл ауылының жеке кәсіпкері Жұмабек Көлжанов пен Кемпірсай ауылдық округінің «Кудря А.М» шаруашылығының басшысы Иван Кудря Қарғалы ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Ал «Арман» шаруа қожалығының құрылтайшысы Берік Оянғалиев, «Велиховка» ЖШС директоры Юрий Баранов, «Колос» шаруа қожалығының басшысы Сергей Вандич, «Жарық» шаруа қожалығының басшысы Миржан Мұқанов, «Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы Төрехан Сарин «Жомарт жүрек» медаліне ие болды. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің инженер инспекторы Байхуат Танабергенов «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ,  аудан әкімі еңбекте көзге түскен сала мамандарына да Алғыс хаттар табыстап, ауылдастарына табыс тіледі.

Жаңа жыл қарсаңында аудандық соттың қызметкері Гүлшара Бижановаға 6 бала туып тәрбиелегені үшін «Күміс алқа» төсбелгісін табыстап, гүл шоғын ұсынды. Марапатқа толы жиынды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күймен және бимен әрлеп, қарғалылықтар барыс жылымен осылайша әдемі қоштасты.

Бақыт ИМАШЕВ,
Қарғалы ауданының «Құрметті азаматы».