Отбасының қос тіс дәрігері
Адамзат үшін медицина саласындағы мамандықтың қай-қайсысы да аса қажет. Соның ішінде қақсаған тісіңе ем беріп, мүжілгенін жөндеп сән беретін тіс дәрігерінің денсаулығыңа қосар үлесі зор. Жаныңа батқан сәтте емін іздеуге кірісетін тіс мамандарының қызметі бүгінде сұранысқа ие. Тіс ауырып, дертіне шипа іздеген адамға бұл саланың дәрігерлерін құтқарушыдай көретініміз айдан анық.
Осы орайда біз де аудандық емхананың тіс дәрігері Нурсулу Қадырқызы жайында сөз етпекпіз.
Нурсулу Актаева 1976 жылдың желтоқсан айында Әлімбет ауылдық округінің Нововведенка (Шаңдыаша) ауылында дүниеге келген. Әкесі сол жерде ферма меңгерушісі, анасы ауыл мектебінде кітапханашы болып қызмет етеді. Ол 1983 жылы бірінші сыныпқа барып, 1993 жылы Әлімбет орта мектебін бітіреді.
Ауыл тұрғындарының тістен көрген азабы ой тастадыма, бір үйдегі апалы-сіңлілі Жанар мен Нурсулу екеуі де тіс дәрігерлік мамандығын таңдайды. Нурсулу мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе медициналық институтының жанындағы колледждің «Тіс дәрігері» мамандығын 1996 жылы бітіріп, жас маман өзі туып-өскен Әлімбет ауылдық амбулаторияда мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды.
Кейіннен 2002-2008 жылдар аралығында аудандық аурухананың дерматология бөлімінде жұмыс жасайды. 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап, күні бүгінге дейін аудандық ауруханада тіс дәрігері болып еңбек етіп келеді. Қызмет барысында Нурсулу өте кішіпейіл, өз жұмысына ұқыпты жан. Сондай-ақ, алдына келгендердің алғысына бөленіп, еткен еңбегінің нәтижесінде көптеген марапаттарға да қол жеткізе білді. Солардың бірі 2022 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталған.
Негізі мамандық игеру адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Сонымен қатар, Нурсулу кәсіби біліктілігімен қатар, отбасында қызының тілегін тілеп отырған мейірімді ана. Оған қоса ізгілікті елден алғыс арқалаған әріптестерінің де мақтанышы.
Бақыт ИМАШЕВ