ӨНЕРІМЕН ТАНЫЛҒАН ОТБАСЫ

  Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді.

         Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс – тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен ұштасып жатыр. 

         «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, ауданымыздың мәдениет саласын өрге сүйреп жүрген жандар аз емес. Солардың  бірі – Есенамановтар отбасы.

         Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында бұл отбасы жайында айтпақшымыз. Өйткені Кеңестік дәуірдің соңғы жылдары осы Қарғалы өңіріне киелі қазақы өнерді дәріптеп, өрге сүйреген өнерлі отбасы деуге де болады.

Олай деп айтуымыздың себебі, өнерлі отбасы негізінен көршілес Жангелді ауылының тумасы. Ерғали әке-шешесінің 1982 жылы Бадамша ауылына қоныс аударуына байланысты әскери борышын өтеп келген өнер адамының өмір жолы осында жалғасып жатады.

Ерғали Есенаманов 1960 жылы Хромтау ауданы Жангелді ауылының Қызылсу елді мекенінде дүниеге келген. 1975-1978 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің халық аспаптар оркестрінің дирижері және мәдениет қызметкері мамандығын алып шығады.     Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы бойында қазақы өнері мол жас маманды мәдениет бөліміне ризашылықпен қабылдап, сенім артады. Жұмысқа орналасқан жас маман 1982 жылы желтоқсан айында өзімен бірге оқыған өнерге бейім Орал  облысы Фурманов ауданына танымал күйші Алма Рахымқызымен отау құрады.

Сонымен екі бірдей жас маман кезіндегі Ленин ауданында жарық жұлдыздай жарқырап, өңіріміздегі өзге ұлт өкілдеріне қазақы әуеннің құдіретін аша түскендей болады. Бұлай деп астын сызып көрсетуіміз де жайдан-жай  емес. Аудан көлемінде өзге ұлт өкілдері көбірек болғандықтан, қазақы өнердің кенжелеу болғаны да ақиқат. Сол кезде домбыраның сырын аз білетін өңірде қос өнер адамы ең алғаш ауданда домбыраны, яғни 1983 жылы өткен республикалық байқаудан 1 орынмен оралған  отбасы облысқа да таныла бастайды. Олар аудан көлемінде танылып, сол кездегі той-томалақта болған аға буынның есінде. Қос өнерпаз қандай тойды да қазақы нақышта өткізіп, қошеметке бөленетін. 1984 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің атынан Ташкентте өткен отбасылық ансамбль байқауына қатысып, жүлдемен оралды.

Жалпы алғанда Есенамановтар әулеті өнерге бейім жандар. Біз білетін Айсұлу, Балсұлу қыздары әсем әндерімен ауданға танымал. Әкелері Серікбай  электрик маманы, тойларда ән салса, анасы Қойқын да өнерге бейім жан болған. Сондай-ақ, 4 ұл мен 4 қыздың анасы. Ал Ерғали ұлдың  төртіншісі, жастайынан домбыраға бейім бала ауылдағы Елеукен деген ағасынан күй өнерін үйренеді. Сонымен қатар, мектепте өнерімен танылған белсенді оқушы болып өседі. Ерғалиды  1984 жылы аудандық комсомол ұйымы аудандық ішкі істер бөліміне қызметке ұсынып, сол жерде 20 жылдан аса еңбек етіп,  зейнеткерлікке шығады. Зайыбы Алма мәдениет саласында ұзақ жылдар өнерімен танылып, бертін келе сол жерде әдіскер маман болып еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Өнерлі отбасында бір ұл мен бір қызы бар. Өкінішке қарай ұлы 23 жасында дүниеден озып, қазір сол ұлынан қалған 4 немере жұбаныш болса, қыздан қонаққа келер 2 жиен де алданыш.

Бүгінгі таңда ауданға қазақы әуендерімен танымал өнер адамдары шаруаларын шаруалап отыр. Балалардың сүйікті әжесі Алма сиыр сауып, бау-бақшадан алған өнімді немере, жиендерінің аузына тосып, артылғанын сатыққа да шығарып тұрады.

Ел ағасы Ерекең де өз кәсібін дөңгелетіп жүрген тың азаматтардың бірі. Қос өнер адамы Бадамшадағы белсенді өмір сүру орталығының белді мүшесі. Қандай іс-шарада болмасын аянып қалған емес.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның  «Құрметті азаматы»