ӨМІР МЕКТЕБІНЕН ӨТКЕНДЕР БАС ҚОСТЫ

Өткен аптада аудан орталығында ардагерлер кеңесінің жиыны өтіп, онда 2025 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Басқосуға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, зиялы қауым өкілдері, ауылдық округтердегі Ақсақалдар алқасының төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді ардагерлер қатысты.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнелғабиден Дербиспаев есептік баяндама жасап, ардагерлердің қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, өткен жылдың аяғында аудандағы зейнеткерлердің саны – 2280, оның ішінде 2014-і – ардагерлер. Бұл көрсеткіш өмір сүру ұзақтығының артып, белсенді жастағы зейнеткерлер санының көбейіп келе жатқанын көрсетеді.
Аудандық ардагерлер кеңесі жыл бойы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, тәрбиелік, мәдени-көпшілік және ақпараттық бағыттағы іс-шараларға белсене қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарды еңбекке баулу бағытындағы жұмыстарға ардагерлер де белсене атсалысты. «Еңбек! Жастық! Жігер!» атты аудандық форум өткізіліп, өндіріс, медицина, спорт, шығармашылық салаларында жетістікке жеткен жас мамандармен кездесулер ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында аспаз, тігінші, мал дәрігері, шаштараз, механизатор сынды кәсіп иелерімен 11 іс-шара өтті.
Сонымен қатар, белсенді өмір сүру орталығының жұмысы оң бағаланып, ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау жалғасып келеді. Жиында садақа мен ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, қарапайымдылық пен тағылымды ұстану мәселесі де қозғалды. Ардагерлер бұл бағытта қоғамға үлгі болып, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында мерейлі жастағы ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлыққа оң баға беріліп, бұл игі дәстүрдің алдағы уақытта да жалғасын табуы қажеттігі атап өтілді.
Қорытындысында ардагерлер ел бірлігін нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау жолындағы ортақ іске әрдайым дайын екендерін білдірді.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның “Құрметті азаматы”






