Қыстақтағы жағдай көзбен көрілді

Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллин, сондай-ақ Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қыстақтардағы жағдаймен танысу мақсатында арнайы мониторинг жүргізді.
Сапар барысында мамандар Қосестек аумағындағы үш бірдей шаруа қожалығында болып, мал қыстату, мал күтімі және қыстақтағы жалпы тұрмыс ахуалын көзбен көріп, зерделеді. Аталған шаруашылықтарда барлығы 1196 бас мал қыстаққа түскен. Оның ішінде 689 бас ірі қара, 363 бас ұсақ мал, 144 бас жылқы бар.
Мониторинг нәтижесі шаруалардың қыстауға тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Мал қоралары жылы, күтім талапқа сай. Қыстаққа қажетті 1263 тонна жем-шөп қоры әзірленіп, есеп бойынша қыстан еш қиындықсыз шығуға толық мүмкіндік бар екені анықталды. Мамандардың ортақ пікірі де осы бағытта тоғысты.
Сапар аясында жұмыс тобы «Қуаныш» шаруа қожалығына арнайы аялдады. Мұнда шаруашылықтың жағдайы жақсы, мал басы аман сақталған. Малдың 70–80 пайызы төлдеп, жем-шөп қоры жеткілікті екені айтылды. Жауапты іске ұқыптылықпен қарап отырған шаруашылық басшысына аудан басшылығы ризашылық білдіріп, қыстан қысылмай шығуына тілектестігін жеткізді.
Шаруашылықтың мал дәрігері А.Илеупов биылғы қаңтар айының қысы ерекше қатал болғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай аяз соңғы жылдары сирек кездескен. Суық салдарынан ұсақ малдың да жайылымда жайылуы қиындап, ашық қорада ұстау мүмкін болмаған. Төлдеу кезеңі тұспа-тұс келгендіктен, төлдің үсіп кетпеуі үшін малшылар тәулік бойы қорада кезекшілік атқарған. Қазір аяздың беті қайтып, алдағы ақпан айының жылы боларына үміт артылып отыр.
Сапар барысында Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова келген қонақтарға биыл елді мекенде салынатын ауылдық ветеринариялық пункттің жоспарланған орнын көрсетті.
Іссапар соңында аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков жергілікті ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына қыстақтағы малшылардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл бөлуді, көтерілген ұсыныс-пікірлер мен түйткілді мәселелерді созбалаңға салмай, дер кезінде аудандық деңгейде шешуге ұсынуды тапсырды.
Бақыт ИМАШЕВ










