ОҚУШЫЛАР ШЕКАРАШЫЛАР ӨМІРІМЕН ТАНЫСТЫ

Жастарды патриотизм мен әскери борышқа тәрбиелеу және Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіру мақсатында Әлімбет ауылында іс-шара өтті.
Атап айтар болсақ жоғары сынып оқушылары «Әлімбет» шекара бөлімшесіне арнайы экскурсияға барды.
Экскурсия барысында оқушылар Қазақстан Республикасының шекара қызметінің құрылымымен, ондағы шекарашылардың күнделікті қызметтерімен және де әскери тәртіп, талаптарымен танысты.
Сондай-ақ, оқушыларға аталмыш бөлімшенің аға лейтенанты Қуаныш Серикұлы мен аға сержант Алмас Едигенов әскери техниканы, қару-жарақты, арнайы жабдықтар мен көліктерді таныстырып, сонымен қатар қару түрлерінің қолданылу ерекшеліктері мен қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, практикалық жаттығулардың барысын көрсетті.
-Жастарымызға экскурсия өте қызықты өтті. Шекарашылар өздерінің қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, әскери мамандықтың жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталып өтті. Бұл әрине оқушыларымыздың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға септігін тигізіп, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Көптеген оқушылар әскери салаға қызығушылық танытып, алдағы уақытта Қарулы Күштер қатарына қосылуға ниетті екендерін жеткізді,-дейді жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
Расында, мұндай іс-шаралар жастардың бойында азаматтық жауапкершілік, патриоттық сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Ел тыныштығын күзететін шекарашылармен бетпе-бет кездесіп, олардың қызметінің мән-маңызын тереңірек ұғыну – жас ұрпақтың ел болашағына бейжай қарамауына, ел қорғау ісіне өз үлесін қосуға ынталандырады.
Жұлдыз КЕНЖЕ