Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты
Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысудан басталды.
Мемлекет басшысы дәстүрлі қонақжайлығы мен форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.
– Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды.
– Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бастаманың елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына тоқталды.
– «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.
– Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.
– Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады.
– Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің дана басшылығыңызбен ҚХР түрлі халықтардың ортақ тарихи тағдыры тұжырымдамасы негізінде Қытайдың жаңа дәуірін қалыптасыруда одан әрі зор жетістіктерге жететініне сенімдімін, – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.
Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.