«Мектебім, саған мың алғыс» мерекесі өтті
2024 жылдың 25 мамырында ауданымыздағы барлық білім беру ордаларында мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау соғылып, «Мектебім, саған мың алғыс» атты іс-шарасы өтті.
Биылғы оқу жылындағы жалпы мектеп бітіруші түлектер саны-120. Олардың арасында «Үздік аттестатқа» -7, «Алтын белгіге» — 6 түлек үміткер.
Бұл қоңырау үні шәкірт үшін мәңгі есінде қалатын тарихи оқиға. Себебі, бүгінгі түлек мектеппен ғана қоштаспайды, ол балалықты артта қалдырып, алтын ұя мектебінен үлкен өмірге қанат қағады.
Еліміздегі орын алған табиғи жағдайларға байланысты соңғы қоңырау шарасын өткізуді алып тастаған болатын. Кейін мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарының пікірі ескеріліп, шығынсыз, шағын көлемде шәкірттердің жадында қалу мақсатында өткізу тапсырылды.
Осы орайда атаулы мереке аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсенова Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл орта мектебіндегі ұйымдастырылған салтанатты іс шараға қатысты.
Петропавл орта мектебінің директоры Жанна Мустафинаның мәліметінше аталмыш мектепті биыл 31 түлек бітіріп отыр. Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлер — Альфия Ғанибаева мен Ажар Туменова, «Үздік аттестатқа» үміткерлер – Диамара Мурат, Айсулу Сейтова, Карина Коновалова мен Ясмина Чачаева.
Шара барысында мемлекеттік әнұран орындалып, мектеп бітіруші түлектер ұстаздарына ән-жыр арнады. Сондай-ақ, ұстаздары шәкірттеріне лебіздерін білдірсе, түлектер 11 жыл бойы білім берген мұғалімдеріне алғыс айтып, ақ тілектерін арнады. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі тарапынан белсенді түлектер алғыс хаттармен марапатталды.
Түлектер 11 жыл бойы оқып білім алған ордаларын қимай қоштасқанымен, алда үлкен сынақтар күтіп тұр. Ол әрине ҰБТ сынағы. Түлектердің жүрек лүпілін жиілетер ұлттық бірыңғай тестілеудің де уақыты алыс емес.
Қарғалы-АҚПАРАТ