Мейірбикелердің мерейін көтерген сәт

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне орай аудандық ауруханасының әкімшілігі және QAMQOR кәсіподақ комитеті ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті.

Шараға аудандық аурухананың басшысы мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты іс-шараға жиналған ұжымды кәсіби мерекелерімен аурухана басшысы Еркебұлан Абдигалиев құттықтап, атқарып жатқан еңбектеріне ризашылықтарын білдірді.

– Дертке шипа, денге саулық сыйлайтын барша мейірімді маман иелерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуы әрбір ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты. Сондай-ақ, қандай қиын сәт болмасын, мейірбикелер әрдайым кәсібилігін, сабырлылығы мен мейірімін жоғалтпай, халықымыздың денсаулығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Сіздердің ерен еңбектеріңіз әрдайым ел алғысына бөлене берсін,- деді ол.

Сонымен қатар жиын барысында денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген ақ халатты жандар Алғыс хаттармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

“Науқастарға медициналық көмек көрсетудегі рақым, жақсылық және кәсіпқойлық үшін” Ақтөбе облысындағы Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің филиалы “Мейірім” төсбелгісін жұқпалы аурулар бөлімшесінің медбикесі Клара Бисеноваға табыс етті.

Одан соң Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы және QAMQOR кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен емхана медбикесі Қоланшаш Баймаханова, терапия учаскесінің медбикесі Ольга Свитова, Қосестек дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Күляш Аймағамбетова марапатталды.

Және де аудан әкімінің Алғыс хатына хирургия бөлімшесінің медбикесі Сәния Жұмағалиева, Ащылысай дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Людмила Зубаха, дәріхана фармацевті Анастасия Ерманова, балалар бөлімшесінің медбикесі Жайнар Кустанова  ие болды.
Сондай-ақ, аудандық аурухана басшысы және QAMQOR кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен дәріхана фармацевті Несібелді Бижанова, Әлімбет дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Жазира Ибраева, жедел жәрдем фельдшері Гүлсезім Кусаинова марапатталды.

Мерейлі мереке соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

***

         Айта кетейік, бұл күні Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы БҚМУ-да, Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда «Халықаралық мейірбикелер күніне» орай өткізілген іс-шарада да біздің аудандық аурухананың медбикелері марапатқа ие болды.

Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін «Шарапат» медициналық қызметкерлер, тәуелсіз сарапшылар және денсаулық сақтау саласындағы ардагерлер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «Мейірімді жан» медалімен терапия бөлімшесінің медбикесі Галя Тажигреева  марапатталса, Ш.Қалдаяқов дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Сандуғаш Қонырбаеваға Ақтөбе облысы әкімінің  Алғыс хаты табыс етілді.

Бақыт ИМАШЕВ