Мәслихаттың кезектен тыс отырысы өтті

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің мәжіліс залында  аудандық мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссиялардың және мәслихаттың кезектен тыс 9 сессиясының  отырыстары өтті.

         Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық және мемлекеттік ұйым өкілдері мен аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №207 «2023-2025 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы — аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаев,  жайылымдарды басқару және оларды мақсатты пайдалану жөніндегі аудандық жоспарды іске асыру қорытындылары жайында — аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейлов, аудан әкімдігінің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің қаржы қаражатын сапалы игеруі және 2023 жылдың тоғыз айындағы бағдарламалардың іске асырылуы мен нәтижелеріне қол жеткізу есебі туралы – аудандық қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Евгения Каменская,  ауданның туристік саласын дамыту келешегі туралы – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин баяндама жасады.

Сессияда күн тәртібіндегі  мәселелер ретімен тыңдалып, баяндамашыларға сауалдар қойылып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ал аудандық мәслихаттың кезектен тыс 9-шы сессиясының отырысында аудандық бюджеттің шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, аудандық мәслхаттың түрлі комиссияларының құрамына өзгерістер енгізіліп бекітілді.

Отырыс соңында аудандық мәслихат депутаттары барлық мәселелерді талқылап, өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізіп, талқылау қорытындысы негізінде тиісті қаулылар мен шешімдер қабылдады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.