Маңызды мәселелер талқыланды

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Жүсібалиев пен  Бадамша ауылдық округ әкімі Ернар Дабилдин  ауыл  тұрғындарымен кездесті.  

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мен мәслихат төрағасы, аудан прокуроры мен полиция бөлімі  және де  барлық мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы сөз алып, тұрғындарға өздерін мазалап жүрген мәселелер жайындағы сауалдарын жолдап, оған тиісті жауаптарын ала отырып, жүздесуде емін-еркін диалог құруға шақырды.

Одан соң  Бадамша ауылдық округ әкімі ағымдағы жылдың тоғыз айы бойынша атқарылған жұмыстары жайында хабарлама жасады. Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Сөз кезегі беріліп ауылдың ардақты ақсақалдары мектеп автобусымен оқушыларды тасымалдау, Пацаев көшесіндегі балалар ойын алаңының талапқа сай толықтай жабдықталмағандығы жайындағы сұрақтарын жолдады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын мазалайтыны, әсіресе көп қабатты тұрғын үйлердегі электр желісі мен трансформаторға қатысты  мәселелер көтерілді. Алайда, аудан басшысы электр желілері мен трансформаторларға қатысты мәселелерді жік-жігімен тарқатып түсіндіріп өтті. Оған қоса шешімі табылатын мәселелерді жауапты мекеме басшыларына жүктеп, тез арада атқарылуын тапсырды.

Тұрғындармен кездесудегі маңызды сауалдардың басым көпшілігі Рождество-Бадамша және ауданға қарасты округтерді байланыстыратын жол мәселелеріне  қатысты  сөз қозғалды.

 

Осы орайда айта кету керек, баршамызға мәлім Бадамша-Ақтөбе жолы назарға алынып, құжаты жасақталып, қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатырғаны. Аталмыш жөндеу жұмыстары мен қазіргі ауа-райына байланысты, қазіргі кезде жолдың Бадамша ауылынан шыға берістегі бөлігі  жолаушылар мен көлік жүргізушілері үшін  қиындық туғызуда. Сондықтан да, халық айналма жолдың сапасы мен аяқталу мерзіміне қатысты талап-тіліктерін білдірді. Кездесуге жауапты компанияның мердігері де қатысып, жұмыстың жүргізілуі жайында түсіндіріп өтті. Жауапты мердігер  тұрғындардың қойған сауалдарына жауап қатып,  негізгі жолдағы көпірді айналып өту жұмысының аяқталып қалғанын айта келе, қыс мезгілінде жеңіл көліктер үшін осы аптаның соңына дейін ашылатынын айтты. Аудан басшысы да осы бағытта мүмкіндігінше жұмыстардың лезде атқарылуын жауапты маманға тапсырды.  Ал ол жолда ауыр жүк көліктерін жүргізбеу үшін қажетті жол белгілерін қоюды аудандық полиция бөлімінің басшысына тапсырды.

Кездесуде талқыланған мәселелер аз болмады. Оның ішінде аудан орталығындағы кәріз жүйесін жөндеу, ауылдың шеткі көшелерін жарықтандыру, ауыл ішіндегі  кейбір көшелерді асфальттау, арықтарды тазалау сынды т.б. көптеген мәселелер көтерілді. Тұрғындар да барлық сұрақтарына мүмкіндігінше жауаптарын ала алды. Және де айта кету керек, тұрғындардың кейбір мәселелері бойынша аудандық «AMANAT» партиясының депутаттары мемлекеттік органдарға өздерінің  сауалдарын жолдап, оң  жауаптарын да алған.

Қай кезде де халық айтқан әрбір мәселе маңызды. Десе де, мәселенің шешімі бірден табыла бермейді. Осы орайда аудан басшысының өзі халық ортасында тұрып, аудан мен ауылға ортақ  ең маңызды мәселелердің шешімі үшін жұмыстанып жатқанын жасырмады. Сондықтан да, халықпен бетпе-бет жүздесіп, ауыл тынысын жергілікті тұрғындардың өз ауызынан естіп,  сіздерге түсіндіріп жеткізу бұл өзінің қызметтік міндеті екендігін де атап өтті.

Кездесу соңында  аудан басшысы Асқар Жүсібалиев тұрғындардың  айтқан әрбір ұсынысын назарға алып, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.