МӘҢГІЛІК АЛАУҒА ҚОЙЫЛҒАН АЛҒЫС ГҮЛІ

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл — тек күнтізбедегі дата емес, ел жадына мәңгі жазылған тарихи белес. Сондай-ақ, соғыс өрті шарпыған 1941–1945 жылдар — қазақ халқы үшін де, келешек ұрпағымыз үшін де санамыздан өшпейтін сын сағаты болды.

     Осы орайда ауданымыздағы «Даңқ» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

      Айта кететін жайт, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1941-1945 жылдар аралығында күллі әлемді дүр сілкіндірген ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы майданында ерлігі мен батылдығын көрсеткен ауданымыздың 1300-ге жуық батырларымыздың есімдері жазылған «Даңқ» алаңындағы мемориалдық кешен жөндеуден өтіп,  қайтадан жаңартылған болатын.

Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен ардагерлер, аудан тұрғындары мен Ұлы Отан соғысы батырларының портретін ұстаған ұрпақтары қатысты.

Ең алдымен Ұлы Отан Соғысында найзаның ұшымен, білектің күшімен ел қорғап, ерлікпен құрбан болған жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң аудан әкімі бастаған барлық мекеме ұжымдары мен аудан тұрғындары «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.   Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген еске алу шарасының маңызы зор. Бұл ұлықтау рәсімі ауыл тұрғындарын біріктіріп, соғыста ерлікпен қаза тапқан батырларымыз бен тыл еңбеккерлерін және Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан барлық ержүрек азаматтарға құрмет білдіруге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, бұл күні аудандық мәдениет үйінде «Ұлы Жеңіске 80 жыл!» атты батырларды еске алу кеш өтті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА