МӘМС туралы түсінік жұмыстары жүргізілді

Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның баратын жері ең алдымен емхана екені анық. Дертіне шипа іздеген халықты тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ету алғашқы сатыда тұруы тиіс. Қазіргі таңда адамның денсаулығын түзеуіне бірден-бір жол ашатын «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры екендігі жасырын емес.

         Осы орайда өткен аптада МӘМС жүйесінің жүзеге асырылып жатқан басым-бағытын саралау мақсатында Ақтөбе облысының әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы өкілдері ауданымызға  іс-сарармен келді.

         Аталмыш кездесуде Ақтөбе облысының «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының басшысы Алтай Уразбагамбетов пен филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы Айгүл Жанасаева аудан тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін түсіндіру мақсатында Қосестек пен Бадамша ауылдары тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында қазіргі уақытта халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көтеріліп жүрген мәселелерге қатысты ақпараттар жайында түсінік жұмыстарын жүргізіп, көпшіліктің көкейінде жүрген ауыл тұрғындарының маңызды сауалдарына жауап берді.

Сондай-ақ, жиында аудандық аурухананың басшысы Берік Жаржанов та денсаулық саласына қатысты ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, арнайы келген мамандармен бірлесіп түсінік жұмыстарын жүргізді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.