МӘМС маңызын білесіз бе?
Бүгінде міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру маңызды мәселенің бірі. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру жылдан жылға арта түсуде, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруда жақсаруда. Ультра дыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография (КТ) аппараттарына түсу дәрігерлердің жолдамасы арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардың өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, МӘМС-ды пайдаланудың маңызы мен мәні жайында аудандық аурухананың басшысы Берік Жаржановпен әңгімелескен едік.
Берік Қуандықұлы, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының қанша пайызы сақтандырылған?
- 1 ақпан 2024 жылға біздің аудан бойынша сақтандырылған азаматтардың саны 12954 мыңнан астам адамды құрайды немесе халықтың 86,3% болады. Сонымен қатар, жоспарлы медициналық көмек көрсету, диагностикалық процедуралардан, скринингтерден, оңалтудан өту, ауруханаға жатқызу қажет болған жағдайда тұрғындардың сақтандыру мәртебесінің болмауы қиындық туғызады. Сақтандырылмаған азаматтар МӘМС пакеті бойынша медициналық көмек алуы шектелген.
2024 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде төлемдер қаншалықты өзгереді?
- МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді.
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.
Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген Ен томенги жалакыдан дан 5% төлейді. 2024 жылы: = 5 950 теңге.
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті Жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, 2024 жылы Бірынгай жиынтық төлем болмайды.
Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге.
— МӘМС үшін ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі ме?
— Көптеген адамдар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатқа өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды.
-Жарналар қайда кетеді?
— Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
— Егер мен медициналық көмекке жүгінбесем, жарналарымды шешіп ала аламын ба?
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды.
Мысалда қарастырайық. Бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам тек 168 мың теңге (айына 14 000 теңгеден) жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады.
Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін бірнеше ондаған мың қажет. Егер ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Яғни бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.
Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін, онда пациент жай ғана медициналық көмексіз қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз.
Сондықтан, МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.
— Сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмек алудан тыс қалама?
— Халық денсаулығы және ҚР Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске сәйкес медициналық көмек көрсетудің екі пакеті бар, яғни
минималды – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) базалық — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек (МӘМС).
Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі бюджеттік қаражат есебінен Қазақстан Республикасы азаматтары мен қандастарға көрсетіледі және тиімділігі дәлелденген профилактикалық, медициналық емдеу қызметтері кіреді.
— МӘМС жүйесіне қандай медициналық көмек кіреді?
— Сақтандырылған адам МӘМС пакетінде медициналық көмекке кеңейтілген қолжетімділік алады. Нақтылайтын болсақ: медициналық кәсіби тексерулер; жоғары мамандандырылған дәрігерлердің қабылдауы мен консультациясы; бейінді мамандардың созылмалы ауруларды динамикалық бақылауы; пациенттердің жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек; диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ); мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек; медициналық оңалту; стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық жағдайларда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, МӘМС-те сақтандырылған азаматтар өздері таңдаған емханада медициналық қызмет ала алады, соның ішінде жеке клиникада да. Қажет болған жағдайда, емхананың жеке клиникамен бірлесіп орындау шартын жасау мүмкіндігі болса, пациент өз емханасынан аталған жеке клиниканың қажетті дәрігеріне кеңес алуға жолдама сұрай алады.
— Тұрғындарымыз МӘМС-тегі өздерінің мәртебесін қалай тексере алады?
— Әрбір азаматқа DamuMed мобильді қосымшасының пайдаланушылары үшін сақтандыру мәртебесі туралы ақпарат қол жетімді. Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесі туралы ақпаратты www.fms.kz Қордың сайтынан немесе https://t.me/SaqtandyryBot сілтеме бойынша арна жеделхатына, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы алуға болады.
Сұхбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ