Салғырттықты көтермейтін жұмыс

Кезінде екінің біріне арман болған ветеринариялық қызмет 1990 жылдары мал шаруашылығы қожырап, жайлауда мал азайған тұстан бері, күні кешеге дейін  ескерусіз қалған мал дәрігерлерін енді іздей бастағанымызда шындық.

Қазіргі таңда қалтарыста қалған мал мен құсқа көңіл бөліп,  үкімет  мал басын көбейтуге  түрліше амалдар ойлап, шаруалар шаруаны қолға алған шақта мал дәрігерлерінің жан айқайына құлақ түріп, көңіл  бөле бастадық.       Өткендіде ұмытуға болмайды. Кеңес дәуірінде кез келген шаруашылықта 20-30 мың ұсақ мал, мыңдаған ірі қара, жылқы, түйе өсірілгенде мал дәрігерлері аса қажетті де құрметті маман болғанын естен шығармауымыз керек. Әр кеңшар, ұжымшарда қос-қостан мал дәрігері болып, аудан сайын ветеринариялық арнайы мекеме мен техникалары толықтай жұмыс жасап, оларға көңіл бөлінді.

Біздің айтқанымыз өткеннің еншісінде болса, бүгінгі таңдағы бет бұрысты айта кетер болсақ, ешқандай мүмкіндік жоқ деп, ауызды құр шөппен сүрту әділдік болмас. Соңғы уақытта ауылшаруашылық мамандарының жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып, көңіл бөлініп, жағдай жасалуда.

Қазіргі таңда бұл саланың жұмысы жақсы жолға қойлып,  ондағы қызмет те жанданып келеді. Әлімсақтан келе жатқан ветеринариялық мекемелер құрал-сайманмен жабдықталып, қайта толығып, мамандар жиналып іске кірісе бастады. Осындай жұмыстар біздің ауданда да қолға алынды. Нәтижесі де жаман емес.

Бізде аудандық ветеринариялық стансаның басшысы Жұмабай Кубаевты әңгімеге тартып, бүгінгі  бет алысты, жасалып жатқан жұмыстарын білмек болғанбыз.

-Жұмабай Василийұлы, бүгінгі еңбектеріңізді көпшілікке таныстырып өткіміз келіп еді. Атқарылып жатырған қызметтеріңіз жайында айтып өтсеңіз?

-Дұрыс  айтасыз. Кім недесе де біздің жұмыс адам денсаулығы мен жан саулығы үшін маңызы зор. Біздің сала салғырттықты көтермейді. Оны өмір дәлелдеп берді. Соңғы кездері мал дәрігерлері қожыраған тұста, кеңес кезінде күресіп, енді келмейді деген аурулар қайта ушыға бастады. Біздің мекеменің тарихы көпшілікке белгілі түрлі құрылымдарда болып, 2012 жылы аудандық ветеринария стансасы болып қызмет атқарып келеді. Мекеменің атқарар жұмысы ауқымды, жауапкершілігі де зор.

Бүгінгі таңда техникалық қызметкерлерді қоса есептегенде 35 адам еңбек етеді. Сондай-ақ, олар аудандағы 25 мың бас ірі  қараға, 30 мың ұсақ малға (қой, ешкі) 3500 бас жылқыға және де  шошқа мен құстарға да мал дәрігерлік көмектер көрсетіп, ит-мысықтармен де күрес шараларын жүргіземіз. Айта кету керек,  аудандық ветеринариялық стансада 2 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келіп, еңбек етіп, үкіметтің бөлген көмектерін алуда. Енді біреуі 2022 жылы осы бағдарламамен жұмысқа келіп, ауданда көшпелі мал дәрігері қызметін атқаруда. Жұмыстарына өте ұқыпты. (Өзіңіз байқап отырғандай, Кеңес дәуріндегі бір шағын шаруашылықтың малы мен пара-пар мал басы бір аудан көлемінде бар). Осыған қарап кезіндегі ауылшаруашылық саласының мамандары атпен жүріп-ақ, әр фермадағы 1-2 мал дәрігері барлық  іс-шараны атқарғанын ескерсек, бар  жағдайды жаса деп талап ету де артықтау тәрізді. Алайда, қазіргі заман талабы солай болып тұр ғой.

Қазір Бадамшада мал сою орыны, әр округтерде мал қорымы  бар. Жылда қарап, жаңартып отырамыз. Жоспарға сай малды вакцианациялау, кастрациялау, таңбалау, күз, көктемде кейбір жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында малдардан қан алынып, сараптама жұмыстары жүргізіліп тұрады. Оған қоса малды базаға енгізу, құжаттарын толтыру сынды т.б. қажетті жұмыстар да қолға алынуда.

«Ауру астан» деген бабалар сөзін ескерсек, жан-жануардың саулығы мен таза өнім беруі мал дәрігерлеріне аса сақтықты қажет ететін жұмыс болғандықтан, бар жағдаймен қамтамасыз етілгені де  жақсы. Әр округтегі ветеринария саласы мамандарын қызметтік көлікпен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырамыз. Тұрғындарменде дер кезінде түсінік жұмыстары жүргізіліп, мезгілінде малдарын айтылған уақытта әкеліп, түсіністік танытуда. Десе де, кейбір округтегі қызметтік авто-көліктер жаңалау мен өлшемді жанар-жағар майды молырақ бөлуді қажет етеді. Сонымен қатар, орталықтандырған ветеринариялық стансада, ауру малдарды оқшаулап, тасымалдау мақсатында «КАМАЗ» жүк көлігі мен  дезинфекциялық «УАЗ» машинамыз да бар. Жылда  мал қыстаққа түсерде келісім-шартпен аула-қораларды залалсыздандырып келеміз. Әсіресе,  көктемгі су таситын кезде малдарды жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындармен  түсінік  жұмыстары жүргізіліп, жер аяғы кеңіп,  малдың аузына  көк тиіп, лай су тұнғанша жасалатын жұмыстыңда жөні бөлек. Менің айтпағым мал дәрігерлері жыл бойы жұмысты босаңсытпай алдын ала сақтық жұмыстарын жүргізе береміз. Ит-мысықты аулау, күтіп баптау да бізге жүктелген міндет. Осы жұмыста ит аулауға тендер жарияланып, мезгілінен қолды кеш сермеп, сын садағына да ілігіп жатамыз. Біздің тірлікке тоқталдым. Әлі жетістірер тұстары да жоқ емес. Алдағы еліміздегі ауылшаруашылығы бағдарламаларын ескерсек, мал басы, құстар саны да көбейуі заңдылық. Сол себептен де алдағы уақытта да ауылға жас мамандарды молырақ тартып, бар жағдайды жасаса, мал да аман, деніміз де сау болуға көп септігі  тиер еді.

Ендеше, Мемлекет басшысының соңғы Жолдауларында көрсетілген ветеринария саласын реформалауға орталықтар мен өңірлердің нақты міндеттерін айқындауға, ветеринария жүйесін цифрландыруға, аталмыш сала мамандарын дайындап жалақыларын арттырып, жаңа деңгейге көтеруге қатысты маңызды міндеттерге тоқтала отырып, осы бағыттағы орындалған іс-шаралармен маңызды мәселелерге бірден көңіл аударып, нақты тапсырмалар берудің артында бұл сала мамандарына деген қажеттілік пен жауапшылық барын аңғаруға да болады.

Олай болса, ветеринария саласының мамандары да адам саулығы үшін аянбай, салғырттық қа салынбай жұмыс жасауы керек.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі