Мамандықты меңгеру жетістік

Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшыларды дайындауға, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыруға, біліктілігін арттыруға бағытталған. Ел президенті бұл бастаманың маңыздылығына мән беріп, қозғау салуы жайдан-жай емес.
Осы орайда ағымдағы жылдың 4 сәуір күні Бадамша агротехникалық колледжі ғимаратында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «JuniorSkills-2025» байқауы өтті.
Айта кететін болсақ, «JuniorSkills» — кәсіптік бағдар беру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау, алдыңғы қатарлы отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, WorldSkills қозғалысының құралдары негізінде оқушылардың заманауи болашақ кәсіби құзыреттіліктерін игеру мақсатында іске асырылатын, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, мамандық таңдаудағы қызығушылығын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту, жас ұрпаққа кәсіби бағдар беру мен әртүрлі мамандықтардың сан қырлы жақтарымен іс жүзінде таныстыру болып табылады.
Байқау барысында ауданымыздағы 8-10 сынып оқушылары кәсіби шеберліктері бойынша сынға түсті. Сондай-ақ, аталмыш байқау оқыту бейіні мен болашақ кәсіптік қызмет саласын таңдау барысында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында өткізілді.
Байқау өткізуде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері модульдер әзірлеп, жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған жұмыс алаңдарын дайындап, шара қатысушылардың жеребе алуымен басталды. Одан соң конкурсқа қатысушылар жабдықтар мен жұмыс кезінде қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, тапсырмаларды орындауға кірісті. Осылайша байқауға №2 Бадамша орта мектебі, Бадамша мектеп бөбекжай-балабақшасы, Жосалы орта мектеп оқушылары қатысып, нәтижесінде жеңімпаздар дипломдармен және де естелік сыйлықтармен марапатталды.
Тілек БЕГАЙДАРОВ