МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ТҰТҚАН – МАРИЯ

12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні

      Мейірбикелердің мерекесін белгілеу туралы идея алғаш рет 1953  жылы пайда болған. Бірақ ресми түрде тек араға 12 жыл салып, 1965 жылдан бастап тойлана бастады. Ал 1974 жылы ICN аталған мейрамды мамырдың 12-сі күні тойлауды ұйғарды. Өйткені, дәл осы күні медбикелер қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингел дүниеге келген.

Мейірбике ісі физикалық, интеллектуалдық және эмоционалдық тұрғыдан ең қиын және талапты мамандықтардың бірі болып табылады. Әрқайсымыз өмірімізде бір рет болса да медициналық мекемеге барып, барлық жерде диагностикамен және емдеумен айналысатын мейірбикелердің бар екеніне куә болдық.

Өз жұмысында мейірбикелер жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен байланысу арқылы өз өмірлерін қатерге тігеді, олар науқастарды бір төсектен екіншісіне ауыстыруға, тұруға және жатуға көмектесуге, кейде бұл пациенттер байланыста бола алатын жалғыз қызметкерлер.

Осы орайда біз де жылда абзал жандар жайлы жазып, құрмет көрсетуді жалғастырып келеміз.

 Дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне ең алдымен дәрігер жауапты болса,  одан соң адам жанының арашасы, денсаулық сақшысы – медбике. Бүгінгі кейіпкеріміз аудандық аурухананың балалар бөлімшесінде еңбек жолын мейірбикеліктен бастап, табан аудармай 38 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті маман – Мария Тоханова.

Дәрігер болуды бала күнінен армандаған кейіпкеріміз 1968 жылы дүниеге келген. Ол кезде әке-шешесі Қарғалы су қоймасының маңында мекен етіп, кейіннен Никельтау теміржол бекетіне қоныс аударады. Ол сол жердегі мектептен 8 жылдық білім алып, содан  кейін Ресейдің Орынбор қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі.

Оқуды 1986 жылы бітіргеннен кейін, сол кездегі тәртіп бойынша 3 жылға медициналық мекемеге жұмысқа жібереді. Алайда, кейіпкеріміз ешкімнің рұқсатынсыз, өз ауылына  тайып тұрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол аудандық аурухананың балалар бөлімінен алғашқы еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін осы салада еңбек етіп келеді.

Мария отбасындағы 8 баланың ішіндегі төртіншісі. Әкесі Сәрсенбай Тоханов қарапайым еңбек адамы. Ол теміржол депосында ұзақ жылдар бойы ұста болып еңбек етеді. Елге сыйлы, өнерден де кенде емес, аспалықпен айналысып, қазақи салт-дәстүрді ел арасына кеңінен насихаттап, өлеңмен де той-томалақта ауылдастарын бір желпінтіп тастайтын. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіт атанған жан. Ал анасы Ұлмекен Тоханова  теміржол бекетінде кезекшілік қызмет атқарған. Бүгінгі таңда екеуі де дүниеден өткен.

Өзі ұзақ жылдардан бері бір орында тапжылмай аудандық аурухананың балалар бөлімінде еңбек етіп келеді. Өздеріңізге белгілі бала тілін табу оңай шаруа емес.

– Балалармен жұмыс жасау әрине оңай емес. Оның үстіне қызығы мен шыжығы мол жұмыста небір сәттерді бастан кешіресің. Біз балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, ең алдымен мейірімділік танытып, әрқайсысына жылышырай білдіріп, ата-аналарға да ілтипат көрсете білуіміз қажет. Ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, сол саланың қыр-сырын меңгерген соң, бәрі жеңіл, бәрі ыстық,-дейді Мария.

Медбикелер – медицина саласындағы негізгі буын, осы қызметті атқарып жүрген әр адамның көтерер жүгі де ауыр. Олар қай кезде де жеке басы мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қояды.

Кейіпкеріміздің атқарған еңбегі де елеусіз емес. Осы жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Бірнеше рет Құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, жоғары санатты медбике. 2011 жылы Ақтөбе облыстық медбикелер арасында өткізілген «Шапағат» конкурсының жеңімпазы. 2015 жылы «Мейірім» медалімен марапатталған. Десе де, Мария қызметте атақ пен даңқ маңызды емес. Ең бастысы өз мамандығыңа деген сүйіспеншілік пен адалдық көптеген жетістікке жетелейді деген ұстанымды алға тартады.

Бүгінгі таңда Марияның бір қызы бар. Ол  Атырау қаласында тұрады. Қызынан  3 жиен немере сүйіп отыр.

Сонымен қатар, 38 жылдың ішінде балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген мейірбике алдына келген қай баланың болмасын тілін тауып, көңілін аулап келеді.

Бақыт ИМАШЕВ