МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Жобаға қатысқандар арасында малмен айналысуға бел буғандардың бірі —  Сырымбай Агитаев. Осы орайда кейіпкерімізбен хабарласып, шаруа жайын білген едік.

Бұл отбасы бадамшалықтарға таныс жандар. Сырымбай ауылда өскен еңбек адамы. Қазір 3 топтағы мүмкіндігі шектеулілер қатарында. Алайда, еңбектен қашып, сылтау айтуды білмейді. Ол Хромтау ауданы кезіндегі Жангелді кеңшары Еңбекші бөлімшесінде туып өскен.

Қарапайым механизатор, егіндікте бригадир болып қызмет етіп, кейіннен Бадамша ауылына қоныс аударады. Қазақ айтқандай  «Жас келсе, іске»,- деп құлшына кіріскен Сырымбай мен Несібелі Агитаевтар мал бағуға бет бұрады.

Отбасының ұйтқысы, іскер әйел Несібелі Агитаева да мемлекеттік қызмет ете жүріп, үй шаруасын да естен шығарған  емес. Үйде 3-4 сауын сиыр ұстап, сүтін пайдаға асырып, май-қаймақ, құрт, т.б. өнімдерімен үй бюджетін еселеп келеді.

Осындай еңбекпен есейген жанның мал бағамыз деген жолдасын қолдауы да  заңдылық болар. Қалай десекте, екеуі де еңбек жасындағы  50-ді  артқа тастап, 60-қа қадам басқан егде жандардың жастайынан малға жақын өскен  отбасының алға қойған жоспарлары ел қолдарлық тірлік.

Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, құжаттары мақұлданып, белсене іске кірісті. Мал қамына ерте қамданған Сырымбай өткен жылы үлкен мал қора тұрғызып, биылға дайындалған еді.         «Ауыл аманаты» бойынша 2,5 пайыз жеңілдікпен алған 7 миллион қаржыға 11 бас ірі қара, 42 бас қой малын алған. Осылайша, қорасы малға толған Сырымбайға оларды бағып-баптауға ер жеткен балалары және де жұмыстан бос мезгілде зайыбы Несібелі жәрдем береді. Төрт түліктің жайын білетін жан биыл малдарын жері шүйгінді Бадамшамен іргелес Қарабұтақ ауылында бағуда.

«Балапанды күзде санайды»,-дегендей жерге қар түсе, өнімін көріп, тұқымдыққа қалатынын іріктеп, қысқа дайындаймыз деген ел ағасы «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатына ризашылығын білдірді.

 Бақыт ИМАШЕВ