Мәдениет – Ұлттың Рухани Қазынасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауының мәдениет саласына қатысты айтылған бөліктері біз үшін ерекше маңызға ие. Мәдениет – тек өнер мен шығармашылықтың алаңы ғана емес, ол қоғамның рухани тірегі, ұлттың тарихи болмысын сақтап, дамытатын күш. Бұл тұрғыда Президенттің мәдениет саласына көрсеткен қолдауы біз, ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері үшін үлкен үміт пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Жолдауда атап өтілген цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу мәдениет саласының болашағына деген үлкен үмітті көрсетеді. Қазіргі қоғамдағы ақпараттық кеңістіктің шекараларының кеңейуі мен мәдениетке деген сұраныстың артуы мәдениет үйлеріне жаңа міндеттер жүктейді. Заманауи технологиялар мен әдістерді енгізу арқылы біз мәдениеттің ауқымын кеңейтіп, оны барша халыққа қолжетімді ететін боламыз.

Мен өз тәжірибемде ауылдық мәдениет үйі мен оның тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін үнемі сезініп келемін. Мысалы, бізде орнатылған LED экран мәдени шаралардың ауқымын кеңейтіп, техникалық мүмкіндіктерімізді арттырды. Бұл жаңашылдық бізге фильмдер, концерттер мен басқа да мәдени шараларды көрсетуге мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындарының мәдениетке деген қызығушылығын арттырды. Осылайша, заманауи технологиялар біздің жұмысымызды жеңілдетіп, мәдениеттің қолжетімділігін кеңейтті.

Қорытындылай келе, жолдауда айтылған мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі нақты қадамдар – бұл ұлттық мәдениетімізді жаңғырту және оны болашақ ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадамдар. Біз, мәдениет саласының қызметкерлері, осы жаңашылдықтарды жүзеге асыруға дайынбыз және Президенттің қолдауымен еліміздегі мәдениет үйінің жұмысын жаңа белеске көтеруге сенімдіміз.

Сарсебаева Балапан Қожакелдіқызы,

Ақтөбе облысы,Қарғалы аудандық мәдениет үйіне қарасты Петропавл ауылдық клуб меңгерушісі