Мәдениет пен өнер майталмандарына құрмет

21 мамыр — еліміздегі мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі ұлықталатын күн.

 

         Халықтың мәдениеті дамып, жаңғыру бағыттарына күш салып келе жатқан егіздей өнер мерекесіне құрмет қашан да жоғары бағаланып, жылда атап өтіліп келеді.

Ауданымызда өнердің көк жиегінде қалықтап, мәдениетімізге өз үлестерін қосып келе жатқан майталмандар баршылық. Халқымыздың асыл мұрасын насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу жолында белшешпей, алыс-жақын ел кезіп, өнер көрсетіп, ауылдарда рухани байлыққа кітап өнерімен үлес қосып жүрген кітапхана, ауылдық клуб, тарихи жәдігер жинақтаушы музей, құжаттарды шежіредей сақтайтын архив қызметкерлері осындай мекеменің сыртында көзге көрінбей шаруаны тындыратын қызметкерлерге бір сөзбен  айтқанда ауданда мәдениет пен өнерді дәріптеуге үлесі барларға  осы аптаның дүйсенбісінде аудандық мәдениет үйінде құрмет көрсетілді.

Құрмет көрсету рәсімін «Нұр-ай» халықтық би ансамблі қазақ биін мың бұрала билеп  ашып, сахна төріне мерекеге жиылғандарды құттықтауға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев көтеріліп, аталмыш сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, ауданымыздың мәдениеті мен өнеріне қосқан үлестері үшін зор алғысын жеткізіп, өнер майталмандарын Алғыс хаттармен марапаттады.

Осы мерекеде ұзақ жылғы еңбегі үшін еленіп, көзге түскендерді таныстыра кетсек. Олар: Әділ Есеев — аудандық кітапхананың шаруашылық қызметкері, Айсәуле Шукембаева – Әлімбет модельді ауылдық кітапхана меңгерушісі, Байбол Бахтияров — аудандық тарихи-өлкетану музейінің күзетшісі, Алмагүл Халиуллина — аудандық архивінің архившісі, «Нұр-ай», «Наз» халықтық би ансамблдерінің жетекшілері, «Ұшқын» халықтық  жастар театры,Жасұлан Жұмабаев — аудандық мәдениет үйінің сүйемелдеушісі, Айнара Курманова — мәдениет үйінің әдіскері, Еркін Бақтияров — аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы.

Марапат соңы  өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Облысымыздан арнайы келген Нұржан Оразов пен өнерлі жұп Ермұхамет пен Асыл әуезді әндерін шырқап, тыңдармандарын ерекше көңіл күйге бөледі.  Сондай-ақ, ауданымыздың көркем өнерпаздары да ән шырқап, әріптестерін мерекемен құттықтады. Бағдат Шамбаев төл мерекелерінің ұранындай болған «Мәдениетім-мәртебем!» атты әнін әріптестеріне тарту етті.

Мерекелік кеш соңы мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Қарғалым» әнімен қорытындыланды.

Бақыт ИМАШЕВ