Қылқалам шеберлері табиғат аясында бақ сынады

Сурет өнері-ғажайып бір әлем. Олар барлық дүниенің сұлулығын сезініп, қағаз бетіне бейнелей отырып, адамға ерекше көңіл күй сыйлай алады. Сондай-ақ, қылқалам шебері мезгіл мен мекенді таңдамайды, көңілі ауып, шығармашылық шабытына дөп түссе болғаны.

         Осы орайда Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында сурет байқауы өтті.

Байқаудың бір ерекшелігі  жас суретшілер табиғат аясында бақ сынады. Қосестек ауылдық округіндегі Сәрке батыр ескерткішінің алаңқайында өткізілген шараға Петропавл, Қосестек, Бадамша ауылының суретші жастары қатысып, батыр бабамыздың суретін түрлі ерекшеліктерде салып, шығармашылықтарын шыңдады.

Осылайша әсем табиғаттың аясында жас суретшілер өз жұмыстарында әртүрлі стильдер мен әдістерді қолдана білді. Олардың жұмыстарын арнайы мамандар бағалап, нәтижесінде Іңкәр Жапарова жеңімпаз атанды.  Ал ІІ орынды Туғанбай Досай иеленсе, жүлделі ІІІ орынды Нұрсая Кужагельдина жеңіп алды.  Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен  естелік сыйлықтар табыс етілді.

-Бұл байқауды өткізудегі мақсатымыз — жастарға сурет салу шығармашылығы арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу және де талғампаздыққа үйрету, өз Отанын мақтан тұту сезімдерін қалыптастырумен қатар, рухани ағартуға жағдай жасау. Ең бастысы жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау болатын. Қатысуға белсенділік танытқан жастарымыз аз болмады. Табиғат аясында өткізілгендіктен өте қызықты өтті,-дейді шара ұйымдастырушысы Мейіржан Жұбан.

Сондай-ақ, шәкірттері бәйгеге қатысқан қылқалам шеберлерінің ұстазы да өзінің лебізін білдірді.

-Оқушыларым Іңкәр мен Нұрсая «Шабыт» аула клубының көркемсурет үйірмесіне 3 жылдан бері қатысып келеді. Олардың сурет салуға деген қызығушылықтары мен қабілеттері өте зор. Оқушыларым көптеген сайыстарға қатысып, сурет салудың әртүрлі техникаларын меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүр. Бұл байқау да олар үшін тағы бір белес пен тәжірибе,-дейді сурет пәнінің мұғалімі Эльмира Жубатырова.

         Сурет өнері – өнер атаулының ішіндегі ең көркем әрі қиын жанр. Кез келген әлемнен ерекшелікті байқап,  соның ішінен өзіңе керектіні тауып, оны өзелерге көрсету, әрине ерекше құбылыс.  Ал бұл сурет сайысында жас қылқалам шеберлері бір батырымыздың бейнесін әртүрлі әдіс-тәсілдерімен салып,  өздерінің шеберліктерін танытты.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

ТегтерБайқау