Мәдениет – ауылдың рухани айнасы

Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бас­тауы.

Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Сондай-ақ, өңірдің  дамуын айқындайтын бағыттардың бірі – өңір мәдениетінің көрсеткіші. Тынымсыз еңбек пен маңдай терді, ізденіс пен шығармашылықты талап ететін бұл саланың жұмысы қай кезде де халықтың берген бағасымен өлшенеді.

Ендеше, ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп келе жатырған аудандық мәдениет үйінің жұмысы мен қол жеткізген жетістіктері жайында сөз етпекшіміз.

Қарғалы аудандық мәдениет үйіне қарасты 8 ауылдық клуб және «Қазақ саңыраулар қоғамы» клубы жұмыс жасайды. Аудандық, ауылдық клубтарда 72 қызметкер бар. Мәдениет мекемесінің жалпы көлемі 1069 шаршы метрді құрайды, ғимаратта  200 орындық көрермен залы бар. Көрермен залы заманауи материалдық-техникалармен жабдықталған. 2018 жылы күрделі жөндеуден өтті.

Мәдениет үйі және ауылдық клубтар бойынша үйірме саны – 62, қатысушылар саны – 570. Оның ішінде (Балаларға арналған — 33 / Жастарға арналған — 22 / Ересектерге арналған — 7 және 7 халықтық, 1 үлгілі атағы бар ұжымдар жұмыс жасап жатыр.

2024 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінде «Бірлігіміз жарасқан» мәдени орталығы жұмыс жасайды. Орталық құрамына «Ақпейіл», «Славяночка» және «Фройде» халықтық вокал ансамбльдері кіреді. Жетекшісі Уварова Лидия Ивановна тұрғындармен тиімді жұмыстар жүргізуде.

Қаншама талантты жандардың басын қосып, киелі өнер ордасы сана­латын аудандық мәдениет үйі  өнерлі ұл­-қыз­ға кенде емес.

-«Қоғамның қозғаушы күші – жастар» деген сөзге «Қарғалы мәдениетінің мәртебесі – жастар» деп қосып айтуға да болады. Себебі, мәдениет үйінде дені жастар қызмет жасап, еңбек етуде. Осы өрісі кең саланы қазіргі уақытта дамытып жүрген қызметкерлердің еңбегі де орасан зор. Өнерлері өрге жүзген, мәдениеттің сайыпқырандары, яғни әріптестеріміз заман ағымына сай ілесіп, тіпті, облыс, республика төңірегінде көптеген мәдени-қоғамдық жобаларды жүзеге асырып, жетістікке де жетіп жүр,-дейді жас та болса бас болып  жүрген аудандық мәдениет үйінің  директоры Шапағат Аманжол.

Бұл саланың жұмысы қым-қуыт, бір сәтке де толастамайды. Ауданымызда өтетін әрбір игі істің басы-қасында да жүретін осы мәдениет саласының мамандары. Сондықтан да, олар үшін  көпшіліктің ықыласына бөленіп, қо­шеметке ие болғаннан артық бақыт бар­ ма?!

Оған қоса атқарылған әр істің  астарында қаншама жанның еңбегі жатыр. Оның ішінде сахна безендірілуі, әуезді ән айтып,  мың бұрала би билеп,  сахналық қойылымдар қою сынды т.б. қаншама шығармашылық жұмыстар  бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның қажыр қайраты, маң­дай тері, ынта жігері бар.

Ауызбіршілігі жарасқан ұжымның бағындырған белесі мен жетістіктері де аз емес. Солардың ішінде биыл 14-15 қаңтар күні Ақтөбе қаласында өткен “Маусымашар — 2024” фестивалінің қорытындысы бойынша аудандық мәдениет үйі жастары облыстық маусымның премьер — лигасына өтті. Және де 27 ақпан күні аталмыш ұжымның жастары Қандыағаш қаласында өткен “Маусымашар — 2024” саналы маусымының іріктеу кезеңіне қатысып, фестивальдің “Қандыағаш КВН лигасына” өтті. Айта кететін жайт, олар 1 жыл бойына осы лигада өнер көрсететін болады.

Сондай-ақ, 17 ақпан күні Ақтөбе қаласында “Aktobe Fest Star” XXI Халықаралық ән-би байқауы өтті. Байқауға Петропавл ауылдық клубының “Нұр-ай” халықтық би ансамблі қатысып, “Бас жүлде” иеленді. Ансамбль наурыз, мамыр айларында Дубай және Стамбул қалаларында өтетін байқауларға жолдама жеңіп алды. Халықтық би ансамблінің жетекшілері Дания мен Дария Асқаровалар алғыс хатпен марапатталды.

Сонымен қатар, 6 сәуір күні Ақтөбе қаласында “Dance non stop” Халықаралық хореография байқауы өтті. Байқауға ұжымдық номинация бойынша аудандық мәдениет үйінің “Наз” халықтық би ансамблінің кіші тобы қатысып, жүлделі  2-орын иеленді. Жеке номинация бойынша Айша Батихан 1 орын, Жандая Сағитжан бас жүлдеге ие болды. Жетекшілері Назым Қойшықарақызы “Үздік хореограф” төсбелігісімен және алғыс хатпен марапатталды.

Оған қоса 24 сәуір күні “Қурайлы” мәдениет үйінде қазақ киносының жарық жұлдызы, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған “Өмір — театр, біз — актермыз” тақырыбында облыстық балалар мен жасөспірімдер театрының фестивалі өтті. Фестивальде Қарғалы аудандық мәдениет үйінің “Ұшқын” халықтық жастар театры өнер көрсетіп, бақ сынады. Әділ қазылардың шешімі бойынша “Ұшқын” халықтық жастар театрының авторлық “Шеңбер” қойылымы “Үздік қойылым” деп танылып, “Үздік бейне” номинациясын театр актёры Данияр Сембин жеңіп алды.

Жақында, яғни 2-3 мамыр күндері Ақтөбе қаласы әкімдігі мен Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған “Өнер – достық кемесі” атты аймақтық балалар шығармашылығы фестиваліне, аудандық мәдениет үйіне  қарасты Петропавл ауылдық клубы вокал үйірмесінің қатысушысы Антонина Струцкая қатысып, үздік өнер көрсеткені үшін дипломмен және жетекшісі Магаджан Бекназаров алғыс хатпен марапатталды.

Және де 5 мамыр күні Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойы карсаңында, “Сазды” мәдениет үйінде аймақтық «Жас дәурен» көпжанрлы өнер байқауы өтті. Байқауға аудандық мәдениет үйінен театр номинациясы бойынша “Ұшқын” халықтық жастар театры, ал хореграфия номинациясы бойынша “Наз” халықтық би ансамблі қатысты. Нәтижесінде “Ұшқын” халықтық жастар театрының “Шеңбер” атты  авторлық қойылымы бас жүлдені  қанжығасына байлады. Би жанрынан Айша Батихан “Өзбек биімен”  жүлделі 2-орынды, Жаншуақ Боранбаева “Ұйғыр биімен” 2-орынды, Айдана Айтбаева мен Алсу Ахметова “Қазақ биімен” 3-орынды иеленді.

                                 

Расында, төгілген тер мен еткен еңбектің еленбей қалмайтыныны белгілі. Атаулы күндер аясында ауқымды іс тындырып, нәтижелі жетістікке қол жеткізген ауданымыздың белсенді  өнер майталмандары жайында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, облыстық телеарналардан көрсетіліп жүр. Мәселен, “Еркелей аққан Ор өзені” республикалық ән байқауының бас жүлде иегері, әріптесіміз Жасұлан Жұмабаев Aqtobe телеарнасының «Қайырлы таң, Ақтөбе!» бағдарламасында қонақта болып, сұхбат берді. Аудандық мәдениет үйіне қарасты Петропавл ауылдық клубындағы “Нұр-ай” халықтық би ансамблінің жетекшілері — Дария мен Дания Асқаровалар Aqtobe телеарнасының “Қайырлы таң” бағдарламасында,  “Наз” халықтық би ансамблінің мүшелері — Жандая Сағитжан мен Айша Батихан “Aqtobe” телеарнасының “Жас дарын” бағдарламасында қонақта болып,  өз өнерлерін көрсетті. Республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері, аудандық мәдениет үйі жанын құрылған “Ұшқын” халықтық жастар театрының жетекшісі Дастан Кульманов пен театр актерлері Алихан Тулепберген, Данияр Сембин Aqtobe телеарнасының “Жас star” бағдарламасында қонақта болып, сұхбат берді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің директоры Шапағат Аманжол мен республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері “Ұшқын” халықтық жастар театрының жетекшісі Дастан Кульманов пен театр актеры Данияр Сембин Aqtobe телеарнасының “Бестің шайы” бағдарламасында қонақта болып, жетістіктерімен бөлісті.

         Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Ал мәдениет үйінің негізгі міндеті – халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде ауданымыздағы мәдениет ошағы халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр деп айтуға негіз бар, ауыз толтырып айтар жетістік те бар. Олай болса, өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген, рухы мықты аудандық мәдениет үйінің  де келешегі жылдан жылға жарқырай беретініне сенеміз.  

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

ТегтерӨнер