Құрбан айт мейрамы ұлықталды
Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті, ұлық мереке — Құрбан айт мейрамын ауыл тұрғындары ерекше атап өтті.
Құрбан айттың маңызы ерекше — ол жоғары адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеп, адами құндылықтарды нығайтады. Бұл күні шамасы жеткенше барша мұсылман қауымы құрбан шалу арқылы Алла жолында жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, өздерінің жомарттықтарын танытады. Бұл әрекеттер мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмалдық сезімдерін нығайтады.
Таң сәресімен мешітте айт намазы оқылды. Одан соң Бадамша ауылында 3 ірі қара, 7 қой сойылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 45 отбасыға таратылды. Сонымен қатар, аталмыш мереке аясында Қосестек ауылында 1 ірі қара мен 15 қой, Ш.Қалдаяқов ауылында 20 шақты қой, Қайрақты ауылында 1 сиыр мен 2 қой құрбан шалынып, еттері мұқтаж отбасыларға үлестірілген.
Мерекеге орай бұл күні ауданымызда жаңадан бой түзеп жатқан жаңа мешіттің ауласында ауқымды шара ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ұйымшылдықтарының арқасында 2 киіз үй тігіліп, 300-ге жуық адамға арналған дастархан жайып, ас берілді. Дастархан басында аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев сөз алып, мерекенің мән-мағынасына тоқтала келе, өзінің лебізін білдірді. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары да сөз сөйлеп, мерекелік тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, алаңда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық шаралар өткізіліп, нәтижесінде барлық жеңімпаздар алғыс хаттармен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды. Құрбан айт мерекесінде кішкентай балғындарға да ерекше көңіл-күй сыйлау үшін мешіт ауласында батут ойын-сауығы құрылып, аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен тегін тәттілер мен балмұздақтар таратылды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА