Құқық қорғау саласының мамандары

Елімізде жылда 23 маусымда құрметпен атап өтілетін тәртіп сақшыларының мерекесі қарсаңында ауданға танымал, заманындағы милиция саласында еңбек еткен, ішкі істер қызметінің ардагері, әулетімен құқық қорғау саласының жоғарғы оқу орнында білім алған Айжарық Сибағатовтың отбасы жайында әңгіме өрбітпекшімін.

Расында, түгел  отбасы бір салада, яғни құқық қорғау қызметі мамандығын алу сирек кезігетін жағдай. Ал сондай отбасы  біздің өңірімізде бар екенін еске сала кетейік.

Айжарық Қалқайұлы ауданымыздағы ата-бабасының қасиетті мекенінде зейнетке шыққананнан кейін «Қуағаш» жеке қожалығын ашып, бабаларынан қалған құтты мекенді қызғыштай қорғап жүрген көрегенді азаматтың бірі. Өзі туып өскен өңірінде  жастық шағын өткізіп, білім алып, ер жеткен ауыл жанды азамат. Бүгінгі күні 75 жасты жиектеген ел ағасы аттан түспей, аудандағы атқарылар іс-шараның басынан табылып, қол ұшын беруде де өзіндік үлесі бар көпшіл адам. Біз әңгімелескен уақытта да Қарабұтақ ауылындағы қасиетті Нұрпейіс атамыздың мешітіне  көмек қолын созып жүрген жерінен дөп түстік.

Сөз басында айтылған құқық қорғау қызметі саласының отбасылық мамандарына қысқаша тоқтала кетейік. Бәрі де жоғарғы білімді аталмыш саланың мамандары. Айжарық пен құдай қосқан қосағы Валентина да ішкі істер қызметінің мамандары. Кейіпкеріміздің атасы Әлімжан аталары да  сол саланың ардагері, әулеттің қызметтік ақылшысы болған адам екенін көзіміз көре қалды.

Баланың үлкені Сабыржан, екі қызы Светлана мен Розаның да  жолдасы Болат та құқық қорғау саласының жоғарғы шенді майталманы, ата-әженің кенжесіндей, жиен қыздары Зарина да ішкі істер қызметінің мамандары. Ұлдың екіншісі Нұрлан басқа саланы таңдаған. Ата, әкелерінен бастап, баланың үлкені Сабыржан мен  қызы Роза өз мамандықтары бойынша қызмет  атқарса, кейінгі уақытта басқа салада еңбек етіп жүр. Ал  үйдің кенжесі  болған жиен қыздары Зарина өз мамандығы бойынша Астана қаласында  қызметте. Отбасылы, 2 баланың анасы. Ата-әжесінің ерке жиені Баян да желкілдеп өсіп келеді. Светлана  бүгінгі күндері аудандық аурухананың перзентханасында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жан. Бірнеше сәбидің кіндік шешесі.

Бір сөзбен айтқанда,  Айекеңнің отбасына құқық қорғау кәсібі құт болған әулет деуге де негіз бар. Ұзақ жылдар өз мамандығының қилы сатысынан өткен ел ағасы мен қосағы Валентина құрметті еңбек демалысында.

Айжарық Қалқайұлы 1949 жылы қаңтар айында Новоресей (қазіргі Хромтау) ауданы Никельтау( қазіргі Ақжар ) ауылында дүниеге келіп, сол жерде 4 класқа дейін білім алады. Одан әрі Бадамша орта мектебінде оқып, Ақтөбе қаласындағы №7 техникалық училищесінен  крановшик мамандығын алған жас маман, көп қызмет етпей әскер қатарына алынады.

Әскери борышын өтеп келгеннен кейін, облыстық жол-патрульдік қызметіне орналасады. Жас маман ретінде өзін көрсеткеннен кейін, ауданаралық жол полициясының инспекторы болып, Қарабұтақ, Хромтау, кезіндегі Ленин ауданының ішкі істер бөлімінде қызмет етеді.

Осынша еңбекке 1983 жылы  Қарағанды жоғарғы милиция мектебінің «Құқық қорғау» факультетін оқып  білім алуы себеп болған. Қарапайым сержанттан бастаған еңбек жолынан майор шенімен 2002 жылы еңбек демалысына шығады. Айта кету керек, бұл шенді оп оңай бере салмайды. Өйткені, тынымсыз еңбекпен жетуі керек болған заманда аталған шенге жетудің өзі қатал сын қажырлықты талап ететін.

1976 жылы Валентинамен отбасын құрып, өмір жолына жол тартады. Әкесі ұзақ жылдар бойы теміржолда паровоз машинисті болып қызмет  етсе, анасы да теміржолда кіші қызметкер болып еңбек еткен. Бүгінгі таңда ата-әкелеріне қоныс болған «Қуағаш»  жерінде  жеке қожалығын ашып, ата-бабалары мекен еткен жерді қызғызштай қорып, тіршілік нәрін беріп келеді. Ата-баба әруағын қасиет тұтқан  ұлдары Айекең Қуағашқа шағын мешіт салып сауабын да алып жүрген иман жүзді азамат.

Қызметтен еңбек демалысына шыққаннан кейін «Қуағаш» жеке қожалығын ашып, кәсіп ете жүріп, Қазақстан халық партиясының мүшесі, аудандағы аз да болса мүшесі бар ұйымның төрағасы. Аудандағы қоғамдық кеңестің мүшесі, азаматтарды құқықтық қорғау комиссиясының жетекшісі міндеттерін атқарады. Кезінде өзі түлеп ұшқан Бадамша орта мектебінің ақылшы қамқоршысы. Көрген білгенін мектеп оқушыларына айтып,  мектептегі тәрбие ісіне де жанашырлық танытып келеді. Сондай-ақ, ауыл-аймаққа да демеушілік көрсетіп, үлкендерге қол ұшын беруден де қалыс қалып көрген емес.

Ауданның дамуына өзіндік үлесі бар ел ағасының еңбегін, елі  де мақтан етеді. Еңбегіне қарай марапаттары да баршылық. Сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін,  Елбасы Н.Назарбаевтың,  ҚХКП-ның,  ішкі істер саласы мен аудан әкімінің алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.  Бұл жетістіктері ел ағасының елі үшін еткен еңбегінің айғағы.

Біз құқық қорғаушылар отбасының еңбек жолын қысқаша   сипаттадық. Осындай мамандық иелерінің 3 немересі мен 3 жиені отбасын құрметке кенелткен кәсіби мандықты жалғайма? Ол келешектің еншісінде…

Біз де мереке қарсаңында ауданымызға танымал құқық қорғау саласының мамандарын біріктірген отбасына ел тыныштығын қорғауға, азаматтардың құқықтық сауатын ашуға әулеттеріңізбен үлес қосқандарыңыз үшін алғысымызды білдіре отыра, отбасыларыңызға дәулет, зор денсаулық тілейміз!

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ

 ауданның «Құрметті азаматы»