Күй құдіретін ұқтырған ұстаз

«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы,әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.

Ұстаздар мерекесіне орай әңгімемізге арқау болған жаһандану, заманында шәкірттеріне киелі домбыраның қасиетін, күйдің құдіретін сусындатып жүрген ауыл мұғалімі жайлы болмақ.

Біздің кейіпкеріміз Кенжехан Ерболат 1966 жылы желтоқсан айында Моңғолия елінің Бай-Өлке аймағы күйшілер мекені деп аталған Сағасай ауылында дүниеге келген. Әкесі Кенжехан ауылында механизатор болып еңбек етіп, 1991 жылы 45 жасында дүниеден өтеді. Отбасында 5 ұл, 2 қыз.  Ал Ерболат отбасының тұңғышы. Ол балалардың үлкені болғандықтан ауылында әр түрлі салада еңбек еткен. Сонымен қатар, білімін де жетілдіруді ұмытпай 1985 жылы Моңғолия республикасының Улан-Батор атындағы мәдениет және  өнер техникумын, 1987 жылы Сухэ-Батор атындағы жоғарғы партия мектебінің мәдениеттану бөлімін оқып бітірсе, 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының музыка пәні мұғалімі мамандығын алып шығады.

1993 жылы ата-бабасының ежелден мекені болған қазақ еліне бет бұрып, қазіргі құтты мекен болған Әлімбет ауылына қоныстанады. 1993-1998 жылдар  аралығында ауылшаруашылығы мамандарын дайындаудан елге, өзге  елдерге де танымал болған №12 Әлімбет кәсіптік техникалық училищесінде оқытушы қызметін атқарады. Одан соң училище Бадамшаға көшуіне байланысты 1998 жылы Әлімбет мектеп бала-бақшасында еңбек етеді. Ерболат 1988 жылы Гүлсәуле Хұсайынқызымен отбасын құрып, бүгінде үш ұлды тәрбиелеп отыр.

Өзі алғаш  2000 жылы 5-6 баламен құрған домбырашылар үйірмесі бұл күндері «Сарыарқа» домбырашылар оркестрі аудан, облыс, республика көлемінде танылып, жетістікке жетуде.  2016 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің шешімімен «Халықтық» домбырашылар атағына қол жеткізуі ұстаздың ұшан-теңіз еңбегі.

Міне, музыка пәнінің мұғалімі өзінің қалаған саз  мамандығына жолы ашылып, оқушыларын да саз ырғағымен сусындатып, жетістікке жетіп жүрген ауыл мұғалімі. Ұстаздық еңбегі мен шәкірттерінің жетістігіне қарай қол жеткізген марапаттары жетерлік.

Жалпы алғанда Ерболат ұстаз ауданда алғаш елге танылған балаларды домбыраға баулып, домбырашылар ансамблін құрған музыка пәнінің мұғалімі десек те болады.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі