Көрісу — ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі

 Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға баталарын береді. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады.

Бір деректерде 14 наурыз «Көрісу айты» – көрісу күні емес. Ауызекі тілде көрісетін күн дегенмен, бұл бір күнмен шектелмейтін мейрам. Ежелде күллі қазақ даласында болған мереке, кейін ұмыт қалып, Батыс аймақтарында сақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурызнама» тойлайтын еді. Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни 22 наурыз – күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ал қыстан аман-есен шыққан қазақтар, қыс бойы бірін-бірі көре алмаған ағайын-туыс қозыдай жамырасып көрісіп, «бір жасыңмен» деп амандасатын болған. Оның шектеулі күні жоқ, наурыздың 14-нен бастап 1 айға дейін қыстай көрмеген ағайындар іздеп келіп, қауқылдасып көрісетін болған делінген.

«Көрісу айты» дәстүр ретінде Кеңес заманында да ауылдарда жақсы сақталды.Таңертең ерте тұрып, жастар үлкендермен амандасады. Балалар үй-үйді аралайды. Оларға үлкендер тәтті тоқаштар, бауырсақтар береді. Негізі үш үйдің есігін ашып, көрісіп шығу керек. Әжелеріміз сандықтарын ашады. Қыстай киілмеген киімдер болса, олар да күн көрсін деп сыртқа, күн көзіне іледі. Бауырсақ пісіріліп, қазан асылады, көже қайнатылады. Ұлыстың ұлы күні – күллі қауымның жыл бітуімен, жаңа жылдың, жаңа күннің, Наурыздың тууымен бір-біріне ақ тілек тілеуі, өкпе-наздың ұмытылуы. Бұл – исламға дейінгі, монғолға дейінгі сонау көне түркі замандарынан қалған мереке.

Атаулы күн, негізінен, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір ауданында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. Бір ерекшелігі – Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

         Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! 

Қарғалы-АҚПАРАТ