КӨПТІ ТЕБІРЕНТКЕН ҚОЙЫЛЫМ

Ауданымыздағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ұшқын»  халықтық жастар театры талай байқауларда топ жарып, ауданымыздың намысын қорғап жүр. Өнерлі ұжымның қоржыны өткен аптада тағы бір жүлдемен толықты.  

Темір ауданында өткен «Театрдың ғажайып әлемі» атты батыс аймақтық театрлар фестивалінде «Арнайы жүлде» номинациясымен марапатталып, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

23-24 қыркүйек күндері Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде өткен «Театрдың ғажайып әлемі» атты батыс аймақтық театрлар фестиваліне Атырау облысы мен Ақтөбе облысына қарасты аудандардан өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынасты.

Бұл фестивалдің мақсаты — өскелең ұрпақты рухани – адамгершілік, эстетикалық тәрбиелеудің, тұлғанын үйлесімді дамуын, балалар мен жастар театр шығармашылығын қолдау және тәжірибе алмасу.

Екі күнге созылған фестивалде қатысушылар сахналық қойылымнан өнер көрсетіп, қазіргі қоғамдағы маңызды да ауқымды тақырыптарды аша білді. Аталмыш байқауда біздің «Ұшқын» халықтық жастар театрының өнерпаздары Олжас Қалидың авторлық «Дүние» қойылымын сахналап, өнерпаздарымыз ондағы кейіпкерлер образдарын жан-тәнімен беріле сомдап, шығармашылық қабілеттерімен көпшіліктің көңілінен шығып, көрермендер мен әділқазылар алқасының жанарын жасқа толтырып, нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінді.

Расында, көпшілік алдында сахналық кейіпкерді сомдау оңай дүние емес. Өйткені, сахнада жұмыс істеп, қойылымның мәні мен сәнін келтіретін әртіс. Олар режиссердің көздегенін көрерменге жеткізеді. Алайда, көрерменнің талғамы әртүрлі болатынын ескерсек, көпшіліктің жүрегінен орын алудың өзі үлкен еңбек пен қажырлы күш қуатты талап етеді. Ал бұл байқауда біздің өнерлі жастарымыз осы талаптан шыға білді.

Осылайша, жеңімпаз атанған жерлестеріміз «Арнайы жүлде» номинациясына ие болып, қаржылай сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, қойылымды шебер сомдап, жеткізе білуге еңбек еткен «Ұшқын» театрының жетекшісі Дастан Кульманов Алғыс хатқа ие болды.

Бақыт ИМАШЕВ