КӨКТЕММЕН БІРГЕ КЕЛГЕН КЕРУЕН
Облыста ауылдықтардың жағдайын жақсартып, сенімін арттырар «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғалы біраз жетістіктің жолы ашылып жатыр. Тек ауылға бет бұрып, жастар айтқанға көніп, жетекке ерсе, шапағатын күні ертең-ақ көріп, ауылдың еңсесі көтерілері анық.
Аудан тұрғындары өткен аптаның сейсенбісінде Амал мерекесімен бірге «Ауыл аманаты» керуенінің келуін жақсылыққа балап, қыстан шыққан дәмдері мен кәсіп түрлерін паш ете мерекелік мәзірде қарсы алды.
Келген керуенді аудан әкімі Асқар Жүсібалиев бастаған ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы сала қызметкерлері, кәсіпкерлер қарсы алып, аудандық форум басталды.
«Ауыл аманаты» апараттық керуені Ақтөбеде өткен биылғы Амалды қарсы алу мерекесінде облыс басшысы Ералы Тоғжановтың арнайы тапсырмасына орай, аудандарға, одан әрі ауылдарға ат басын бұрып, жобаның мән-мағынасы мен шарт-талаптары туралы кеңес жүргізу мақсатында өтті. Жалпы алғанда жоба жүзеге асқалы біраз қолдау көмектер жүргізіліп, қолға алынып жатыр. Осы форумда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша грант иегерлерінің өнімдері де көрмеге ұсынылды.
Шара барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалып, жанжақты талқыланып, сұрақтарға жауап беріліп, кәсіпкерлерге тауарлы-несиелік қолдау бағытында сертификаттар табысталды. Форум соңында аудан бойынша әр ауылдық округі әкімдері мен кәсіпкерлер өзара келісіп, барлығы 103 миллион теңгеге есептелген 9 жоба бойынша меморандумға қол қойды.
«Ауыл аманаты» ақпараттық керуенінде түрлі сала мамандары қамтылған. Алдағы күндері мамандардың бір тобы ауылдарға ат басын бұрып, түсінік жұмыстарын жүргізетін болып тарасты.
Бақыт ИМАШЕВ.