ҚИЫНДЫҚҚА ТӨЗЕ БІЛГЕН ӘЛІМЖАН

Төтенше жағдайлар қызметі – халықтың қауіпсіздігін тәулік бойы күзететін жауапкершілігі жоғары кәсіп. Қандай жағдай болмасын алғашқы болып көмекке жететін төтеншеліктердің жанкешті еңбегі әрдайым құрметке лайық. Аудандағы төтенше қызмет мамандары да еңбегі елеулі жандар. Біздің сөз етпегіміз – осы мекемеде 25 жыл еңбек етіп, биыл қызметтік зейнетке жеткен Әлімжан Аумешов жайлы болмақ.
Әлімжан Ғалымжанұлы кезінде біздің ауданға қарасты Эрзерум, қазіргі Сарбұлақ ауылында 1978 жылы 22 тамызда дүниеге келген. Әкесі Ғалымжан ұжымшарларда ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл механизатор болса, анасы Айсұлу сауыншы болып еңбек еткен зейнет жасындағы жандар. Әлімжан – ата-анасының төрт қыздың арасындағы жалғыз ұлы.
Ол алғаш мектеп табалдырығын өзі дүниеге келген ауылындағы Большевик мектебінде аттап, ата-анасының Бадамшаға қоныс аударуына байланысты аталмыш ауылға қарасты падхоз деп аталатын ауылдан үш шақырым қашықтықтан жаяу қатынап, №2 Бадамша орта мектебін 1995 жылы бітірді. Одан әрі әскери борышын 1997–1999 жылдар аралығында өтеп, өмірді көріп, ысылған жас жігіт жауапкершілігі зор аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру саласы бойынша қызметке бет бұрады.
Уақыт өз еншісін алатынын ескерсек, кезіндегі жас бала Әлімжан мектеп бітіріп, еңбек жолын аттағалы 28 жыл өтті. Соның 25 жылын от пен судың, қарлы боранның ортасында өткізген қайсар азаматтардың қатарында. 2000 жылы осы мекеменің өрт сөндіру саласына жұмысқа кіріскен маман. Дәм-тұзы жарасып, 2002 жылы Қамажай Раймбердіқызымен отау құрады. Отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Америкада білім алып жүр, кішісі Алматы қаласында жоғары оқу орнының студенті. Зайыбы Қамажай аудандық сәулет-құрылыс бөлімінің басшысы, аудандағы іскер әйелдер қоғамының мүшесі.
Еңбек жолына ойыссақ, 2000 жылдың тамыз айында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің №13 өрт сөндіру бөлімшесіне өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болып еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз төтеншеліктер еңбегіне тән әр минуттың қиын сәттерін бастан кешіріп келе жатқан өз ісінің маманы. Қысқаша айтар болсақ, 25 жылдық еңбегінде 6 өрт оқиғасына, 13 рет авариялық-құтқару жұмыстарына, 14 рет өрт есебіне жатпайтын жану оқиғаларының ортасында болып, тапқырлық пен төзімділік таныта білді.
Солардың ішінде 2025 жылы 2 ақпанда республикалық маңызы бар Ақтөбе–Орск автокөлік жолында қар құрсауында қалған көлікке көмек көрсету барысында өзінен кейінгі жастарға жетекшілік етіп, қар құрсауынан 15 жолаушыны аман құтқарып, оларды Әлімбет ауылындағы жылы орындарға жайғастырып, алғысқа бөленді. Сондай-ақ 2025 жылы наурыз айында Шәмші Қалдаяқов, Петропавл ауылдарын су басу қаупі кезіндегі еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық.
Жалпы алғанда, қай жағдайға да дайын тұратын төтенше қызметтің еңбек адамы Әлімжан Ғалымжанұлы – ұжымға өнегелі, іскер азамат. Марапаттан да кенде емес. От пен судың ортасында жүрсе де білімін жетілдіруді естен шығармай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экология факультетін тәмамдаған жоғары білімді маман.
Өз саласындағы еңбегіне қарай өртке қарсы мінсіз қызметі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі төсбелгілермен, ҚР ТЖҚ 20 жыл, Қазақстан полициясына 25 жыл мерекелік медальдарымен, сондай-ақ түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бір сөзбен айтқанда, жұмысында құрметке лайық, өз ісінің шебер маманы, жастарға айтары мол, өнегесі жетерлік іскер азаматтардың бірі.
Тыныш күннің тұтқасы, қиын сәттің тірегі – төтенше жағдайлар қызметінде қиындықтан қаймықпай еңбек етіп жүрген Әлімжан Ғалымжанұлы сынды еңбек адамдары сенім мен үміттің тірегі.
Ендеше төтенше сала қызметкерлерін оттан, судан, қауіп-қатерден сақтасын деп тілейік!
Бақыт ИМАШЕВ








