КЕМПІРСАЙ МЕН АЩЫЛЫСАЙҒА ДЕЙІНГІ АРАЛЫҚ АСФАЛЬТТАЛЫП ЖАТЫР
Ауданымызда жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде газ тарту, жол салу сынды маңызды мәселелер күн тәртібінен түспей, тұрақты назарда. Иә, «Жол – ол өмір» десек, оның маңызы зор. Осы орайда Кемпірсай мен Ащылысай ауылдары аралығындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әсіресе, қарапайым ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Екі ауылдың еселі қуанышы, яғни жол қатынасы реттелсе, ауыл мен ауыл арасын байланыстырар жолаушылар тасымалы жақсарып, кәсіпкерлік пен ауыл экономикасының дамуына да оң әсер етері сөзсіз.
Аталмыш жұмыстарға байланысты ағымдағы жылдың сәуір айында конкурс жарияланып, нәтижесінде жауапты мердігер анықталды. Мердігер – «Бабәк — Курылыс» ЖШС. Тапсырыс беруші мекеме — Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мемлекеттік мекемесі. Жоба бойынша атқарылатын жұмыстар: жол негіздерін тегістеу, қиыршық тас төсеу. Сондай-ақ, жолдың асфальтбетонды қабатын салу, су ағар құбырлары мен жол жолақтарын салып, белгілерін орнату. Осы мақсатта екі елді мекен аралығындағы, яғни Кемпірсайдан Ащылысайға дейінгі 6 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарының жүргізілуі жайында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, мән-жайды сұрап білген едік.
-Бұл Кемпірсай-Ащылысай бағытындағы жол болғанымен, Бадамша-Орск трассасының бойынан басталып, Жосалының үстімен өтіп, ар жағындағы, яғни Ащылысай ауылының бағытына дейінгі аралықтағы 6 шақырымды құрайды. Жоба бойынша жолды жөндеу жұмыстары 3 айға белгіленген. Жұмыстар мамыр айының басынан басталып, жолдар тегістеліп, қиыршық тастар төселді. Сондай-ақ, көктемгі тасқын кезінде су шайып кетудің алдын алу мақсатында 4 суағар құбырлары орнатылып, ауыстырылды. Мердігер компанияның жұмысшылары 4 ауыр жүк көлігі, 2 автогрейдер, 1 жүк тиегіш, 1 экскаватор техникасымен жұмыстануда. Жұмыстың ең негізгі бөлігі асфальтбетон төсеу жұмыстарын жүргізу. Оған дейінгі жұмыстардың барлығы дерлік атқарылуда. Материалдар жеткілікті. Жұмыс тамыз айына дейін тапсырылуы тиіс,-дейді бөлім басшысы Азамат Утегенов.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА