Келіндер сайысқа түсті

“Наурызнама” тұжырымдамасына сәйкес, Шаңырақ күні аясында аудандық мәдениет үйінің бастамасымен Петропавл ауылдық клубында “Жақсы келін — ырысың” атты аудандық келіндер сайысы өтті.

                          

Ұлттық салт-дәстүрімізді, оның жөн-жоралғысын жаңғырту, адами құндылықтарымызды дәріптеу, тіліміз бен дінімізді өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен сайысқа Қосестек, Жосалы, Шәмші және Петропавл ауылының келіндері қатысты.

«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл дария секілді  пейілдері-ай»,-демекші бір әулеттің  көркін келтіріп, отбасының ажары бола білген, жан-жақтылығымен танылып жүрген инабатты да ибалы келіндер өзара бақ сынасты.

Байқау барысында қатысушылар ең алдымен «Мен қазақтың келінімін» атауы бойынша өздерінің ата-тегін таныстырса, «Бәйге» бөлімінде ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Ал «Өнерлі келін-өнегелі келін» бөлімінде өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, «Орамал-сан ғасырлық сән» шарты бойынша орамал тағудың үлгілерін көрсетсе, «Саусағынан бал тамған келіндер-ай» атты соңғы шартында қазағымыздың ұлттық тағамдарын дайындап әкелді.

Осылайша 5 кезеңнен тұратын сайысқа ауылдың көпті көрген ақ жаулықты әжелері төрелік етті. Сайыс болған соң «бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, бағы мен бабы қатар келген үздіктер жүлделі орындармен марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Салтанат Шурина иеленді. Ал байқаудың ІІ орыны Айдана Тургеноваға, ІІІ орыны Айдана Мінажановаға бұйырды. Сонымен қатар,  Нұршат Утебаева мен Айгерім Айтмагамбетова тұрғындардың қошеметіне бөленді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға дипломдар мен алғыс хаттар және де бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аталмыш шараның өткізілуі жайында Петропавл ауылдық клубының меңгерушісімен тілдескен едік.

-Бұл ауқымды шара аудандық мәдениет үйінің бастамасымен өтті. Байқауға барлық ауылдық округтердің келіндері қатысу керек болатын. Алайда, ауа-райына байланысты белгілі себептермен толық қатыса алмады. Дегенмен де 5 келін қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Сайыс өте қызықты да тартысты өтті. Қатысушылардың барлығы дерлік өте жоғары деңгейдегі дайындықпен келген. Әрбір шарт бойынша тиянақтылықпен қамтылғанын әділқазылар алқасы да баса айтты. Шараны көруге келген көрермендер қарасы да өте көп болды. Әрине, бұл жағдай, яғни ұлттық бағыттағы шараға деген тұрғындардың қызығушылық танытуы бізді қуантады. Мемлекет басшысының биылғы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес өткізілетін шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осы сәтті пайдалана отырып іс-шарамыздың жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткен Қарғалы аудандық мәдениет үйінің директоры Шапағат Нұрболатұлына және де белсене қатысқан барша қатысушылар мен клуб меңгерушілеріне алғысымды білдіремін,-деген лебізін жеткізді Балапан Сарсенбаева.

Қазақ келіні қай кезден де отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген. Олай болса, жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шыға білді.  Ұлттық құндылығымызды танытатын осындай іс-шаралар жалғасын таба берсін демекпіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерСайыс