Қазақстан мен Түркия арасындағы спорттық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді – министр
АСТАНА. KAZINFORM- Астана қаласында өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бакпен кездесті.
Кездесу барысында осы жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Түркияда 16 жарысқа қатысып, 30-дан астам оқу-жаттығу жиынын өткізгені белгілі болды.
«Қазақстан мен Түркия – тарихтың, тілдің, діннің және мәдениеттің ортақтығына негізделген берік байланыстағы бауырлас ел. Қазақ-түрік қатынастары жыл сайын дамып, нығайып келеді. Әсіресе спорт саласында тығыз және достық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді», — деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасына түрік халқының мангала және ашыртмалы аба гюреши спорты енген.
Елімізде өтіп жатқан ойынға Түркия Республикасынан 97 спортшы спорттың 12 түрі бойынша қатысып жатыр.