Қатерлі ісіктің алдын алу

Жыл сайын 1 тамызда Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күні атап өтіліп, аурудың алдын алу мақсатында ашық есіктер өткізіліп, амалдары түсіндіріледі.

Осы орайда өткен аптаның жұмасында аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті мамандарының ұйымдастыруымен емханада ашық есік күні өтті.

Бұл күннің мақсаты-халықтың ауру туралы, оның адам мен қоғамның денсаулығына әсері, қауіп факторлары, дертті анықтау, алдын алу және емдеу әдістері туралы хабардарлығын арттыру болып табылады.

Өкпенің қатерлі ісігі – пайда болу себептері, гистологиялық құрылымы, клиникалық ағымы және емдеу нәтижелері бойынша әртүрлі қатерлі ісіктерін біріктіретін ұғым. Өкпе обыры екі негізгі топқа бөлінеді – кіші жасушалы емес өкпе обыры және кіші жасушалы өкпе обыры.

Ашық есік барысында арнайы мамандар тұрғындарды онкологиялық аурулардың алдын алудағы  сақтық шараларына бейімдеу,  ауруды ерте анықтау, сондай-ақ, әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қадағалау, қол жетімді скрингтік тексерістен өту барысында толық ақпараттандыру бағытында жұмыстар жүргізді.

Сонымен қатар, бұл күні емханаға келушілерге аурухананың терапевт дәрігері Наталья Шуингалиева, онколог  дәрігері  Әйгерім Габибова аурудың алдын алу мақсатындағы дәрігерлік кеңестерін беріп, аурудан  сақтану жолдарын түсіндіріп, қан қысымы мен жүрек қағысын тексеріп, қабылдау шараларын жүргізді. Ашық есік күніне келушілер де  ризашылықтарын білдірді.

Тілек БЕГАЙДАРОВ