Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Конго Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қазақстан Президенті, ең алдымен, өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге ресми сапармен келгені үшін Дени Сассу-Нгессоға ризашылығын білдірді.
– Бұл сапар екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жол ашады. Құрлықаралық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Біз бірқатар маңызды мәселеге қатысты келіссөз жүргіздік. Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір халықаралық саясатта және әлем экономикасында Африка мемлекеттерінің рөлі артып келе жатқанына тоқталып, бұл елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі екенін айтты.
– Біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста жатыр. Соған қарамастан тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Конго Республикасының өзара тиімді ықпалдастық орнатуға деген ниетін толық қолдаймыз. Биыл Астана мен Браззавиль арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл толды. Осы кезеңде достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынасымыз нығая түсті. Оны тың қарқынмен дамытуға мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессомен аталған мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткізгенін мәлімдеді. Қазақстан Президентінің айтуынша, мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға ықпал етеді.
– Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуеті мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
– Конго Республикасы – Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты – осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Астана мен Браззавиль арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынғанын мәлімдеді. Сонымен қатар екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанына және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ортақ екеніне назар аударды.
– Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды.Сонымен қатар біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты пікір алмастық. Қазір ең өзекті мәселенің бірі – климаттың өзгеруі. Біз осы қатермен бірге күресіп, тығыз жұмыс істеуге келістік. Мен Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық онжылдығын жариялау туралы бастамасын қолдаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапары тарихи маңызға ие екенін айтты.
– Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қатынастарына тың серпін береді деп санаймын. Сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Біз бір-бірімізді қолдап, табысқа бірге жететінімізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Конго Президенті Қазақстанмен энергетика саласы бойынша байланыс орнатудың перспективасына баса назар аударды.
– Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделген. Қазақстанның осы салада тәжірибесі мол. Бұдан бөлек пайдалы қазбалардың өзге де түрлерін игеруде ықпалдастық орната аламыз. Бұл орайда Конгоның энергетика секторы қазақстандық операторларға зор мүмкіндік ұсынады, – деді Дени Сассу-Нгессо.
Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорт иелерін виза талаптарынан өзара босату туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Конго Республикасының Сыртқы істер, франкофония және шет елдердегі конголықтардың істері жөніндегі министрлігі арасындағы саяси консультациялар туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Конго Республикасының Пошта, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, электронды үкімет қызметтері, ғарыш және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Конго Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі арасындағы тау-кен өнеркәсібі және геология саласындағы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Конго Республикасының Энергетика және гидроэнергетика министрлігі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Конго Республикасының Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «National Petroleum Company of the Republic of Congo» арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Конго Республикасының Пошта және электрондық коммуникацияларды ұлттық реттеуші органы (ARPCE) арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ мен Конго Республикасының Пошта және электрондық коммуникацияларды ұлттық реттеуші органы (ARPCE) арасындағы жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- «MSSP GL» ЖШС мен Конго Республикасының Пошта және электрондық коммуникацияларды ұлттық реттеуші органы (ARPCE) арасындағы киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
akorda.kz