Картоп егіп, кәсібін дамытып келеді

Көктем шыға кетпенін  сайлап, ала жаздай тынымсыз еңбек еткен біздің шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кетті. Расында, келер жылдың негізі осы күз мезгілінде қаланады. Өйткені, еккен егіннің, қырман толы астықтың, мал азығы шөптің өнімі осы кезде сараланып, «Қыстың қамын жаз ойлаған» еңбек адамдары әрбір шуақты күнде қамданып қалуға барын салады.

Сондықтан да, күз еңбеккерлер үшін – молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, малдың қысқа қалай түсетінін, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса тіптен ғанибет.

Ауданымызда күзгі жиын-терін науқаны басталып,  бүгінде жұмыс қызу қарқын алған. Осы орайда жұмыс сапарымен Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылындағы «Динара» шаруа қожалығында болған едік. Шаруашылықтың иесі аудан халқына мәлім — Мурат Мукушев.

Кәсіп иесі біраз жылдан бері көкөністерді өсірумен айналысып келеді. Біз барған сәтте алқапта картоп өнімі жиналып жатты. Шаруа қожалығының иесі болмаса да, жанына жалау боп, шаруа басында жүрген баласымен тілдесудің сәті түсті.

-Шаруа қожалықтың иесі әкем. Біз әрқашан қолдаушысымыз. Жалпы біздің шаруа қожалық көп жылдардан бері егіншілікпен, оның ішінде көкөніс өсірумен айналысып келеміз. Биыл да сол картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз ектік. Сол өнімдерімізді жинау үстіндеміз. Ең негізгісі картоп өнімі болмақ. 35 гектар жерге картоптың үш сортын ектік. Қазір міне өздеріңіз көріп отырғандай Гала сорты жиналып жатыр. Арнайы техникаларымыз да бар. Сондай-ақ, картопты жинауға өзіміздің екі ауылдың, яғни Шәмші Қалдыаяқов пен Петропавл ауылының тұрғындары белсенділік танытуда. Оған қоса демалыс күндері арнайы қала орталығынан келіп те картоп жинайтындар бар. Еңбектеріне қарай өздерінің тиесілі қарымын алады. Жалпы былтыр біз де өнім өте мол болды. Алайда, биыл да өнім алу жаман емес, әлі басы жиналып жатқаны. Гала сорты өзі тез пісіп, алғашқы боп жиналатын өнім. Сонымен қатар, биыл жаз мезгілі де жаңбырлы болды. Өнімнің ақталуы ауа-райына да тікелей байланысты,-дейді қожалық иесінің баласы Тимур Мукушев.

Айта кету керек қыс-көктем айларында картоп, сәбіз, тағы да басқа  өнімдер тапшылығы болмас үшін жиналған астықты, көкөністі сақтау маңызды. Осы орайда, «Динара» шаруа қожалығы жиналған өнімдерді сұрыптап аудан орталығы мен қалаға сатылымға шығарады. Қысқа қарай сатылатындарын арнайы сақтайтын қойма бар екен. Өнімнің сату бағасы да қарапайым халық үшін өте қолайлы 100-110 теңге шамасында.

                                     

Анығында бақша баптау оңай шаруа емес. Оның ыстығына күйіп, суығына төзген адам ғана ырыздығына бөленеді. Егу өз алдына, мол өнім алудың сырын білу – тәжірибені қажет етеді. Міне, осы орайда «Динара» шаруа қожалығының тәжірибесі де мол. Қаншама маңдай тер, қолмен келген еңбектің нәтижесі де ақталу үстінде.

«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегендей, табиғи өнімнің сұранысы қашан да жоғары. Оның ішінде адал еңбек ұрпағың үшін мол мұра. Сондықтан да,  еңбек адамды өсіреді. Ол бесенеден белгілі, өз құндылығын өзгертпейтін ереже.

Оған қоса, еңбекті сүйіп, әрі жүйесін тауып жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің кәсібі көпке үлгі. Олай болса, «Еңбек түбі – береке» дей отырып, елге келетін ырыс та еңбекпен еселенетінін есімізден шығарған жөн.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.