Картобы мол ауылдың келбеті

   Тақырыпты  осылай тарқатуымыз да тектен-тек емес. Әр өңір өзіне тән кәсіп-нәсібімен айшықталады. Желтау ауылдық округі кеңес кезінен-ақ республика көлемінде сапалы да дәмді картоп өсіру өнімімен танылған өңір.

Сөзімізіге  дәлел ретінде кезінде осы өңірдің егістік алқабында, картоп жинау науқанында құмырсқаша тырбанған жұмысшылар мен студенттер де аз болмаған. Оны үлкендеріміз де әлі күнге дейін айтып отырады.

Сол дәстүрлі кәсіпті жалғастырып келе жатқан желтаулықтар бүгінде картобы мол ауыл деп аталады. Жыл сайын мұнда, әсіресе картоп жинайтын күз мезгілінде адамдар көптеп жиналады. Өйткені, ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының басым көпшілігі аталмыш кәсіппен айналысады. Округ тек ауданымызды ғана емес, облыс орталығы жұртшылығын да картоппен қысы-жазы қамтуға үлес қосып келеді.

Міне, осындай берекелі ауылдың тіршілігін сөз ету барысында ауылдық округ әкімі Азамат Рзағұловпен тілдесіп, мән-жайды білген едік.

Облысымызға іргелес Желтау ауылдық округке Петропавл мен Шәмші Қалдаяқов  ауылдары кіреді. Жер көлемі 71885 гектар құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылығына қолданылатын жер көлемі, яғни егістікке 22160 га, жайылымдық жер 31532 га, жер қоры 799 га, тиімсіз пайдаланылмаған тұлғалардан қайтарылған жер көлемі 616 га құрап, егістік пен  мал шаруашылығына пайдаланылды.

Сондай-ақ, ауылдық округ аумағында әлеуметтік нысандар: 2 орта мектеп, 2 балабақша, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 кітапхана,  2 ауылдық клуб, 2 «Қазпошта» АҚ, 2 саябақ, 2 балалар ойын алаңы бар. Оған қоса ауылдық округте 2 учаскелік инспектор жұмыс жасайды.

Ауылдық округтың ең маңызды мәселесі – көгілдір отынмен қамтылуы. Бұл мәселе ауылда 2011 жылы қолға алынып, газдандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, орталықтағы су құбырына қайта жаңарту  жұмыстары Петропавл ауылына 2008 жылы, ал  Шәмші Қалдаяқов ауылына 2009 жылы жүргізілген.

Округке қарасты екі ауылда 1010 үй бар десек,  ондағы барлық тұрғындар саны — 4318 адамды құрайды. Яғни, Петропавл ауылында-2596, Ш.Қалдаяқов аулында-1687 адам мекен етеді. Ауылдық округте «Пацаева», «Интер-Агро», «Дәмді тағам», «Қарғалы Агро Продукт», «Асылжар», «АСТР-С»,  «Актеп»,  «Строй-Спас» сынды т.б. шаруа қожалықтары бар. Көптеген ЖШС мен шаруа қожалықтары және де жекелеген кәсіп иелері әрқашан ауылдың өркендеуі мен гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.        Сонымен қатар, ЖШС мен қатар 52 шаруа қожалықтары әр түрлі шаруашылықтармен айналысады. Тағы бір айта кететін жағдай егістікпен айналысатындары ауылда облыс бойынша жаңбырлатып суаруды дамытып, игілігін де көріп отырған бірден бір елді мекен осы өңір. Жеке қожалықтары да мол ауыл.  Округте 150-дей кәсіпкер бар десек, халыққа қызмет ететін 14 дүкен,  2 кафе, 3  монша, 1 сауна-бассейн, 1 наубайхана, 2 шаштараз, 1 жанар-жағармай құю бекеті, 1 техникалық  қызметі бар. Осындай халықтың қызметіне жарап тұрған ауыл адамдарының кәсібі  тыныс-тіршілігіне қарап, ауыл деген аты болмаса, қаладағыдай  заманауи ағымға ілескен ауыл тұрғындарының жағдайы да жаман емес.

Қазақта «Үлкен үйге керектің бәрі, кіші үйге де керек»,- деген ұғым да жайдан жай айтылмаған секілді. Округке қарасты екі ауылды да тұрғындарға қажетті жағдай мүмкіндігінше жасалған. Облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы да ойдағыдай жүзеге асуда. Ауылдағы жүрегі жомарт  қайырқом жандар ауылдықтарға қашан да көмек қолын  созып, мерекелік іс-шараларға белсене қатысып келеді. Солардың бірі, өткен жылы 500 мың теңге көлемінде «Алина Холдинг» ЖШС осал топтағы отбасының  20 балаларына қыстық киімдер әперіп, қол ұшын беруінің өзі, ауылға жаны ашитын кең жүректі қайырымды жандардың бар екендігінің дәлеліндей.

Бір сөзбен айтқанда  Желтау ауылдық округінің тыныс-тіршілігі  жылдан жылға дамып келеді. Ең бастысы көзі ашық халықтың еңбекқорлыққа ұмтылып, жеке кәсіптерін күннен күнге дамытып келе жатқаны қуантады.

 

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»