Қамшы — ер қаруы

Ескіден қалған сөзге зер салсақ, қамшының ер қаруымен қатар қасиет, киесі де жетерлік. Қазақ тілі жете бермейтін немесе ауыз бармайтын сөздердің орынына қамшыны қолданған әдеттері де болған.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарымыз мерекелік сән-салтанат болғанда ғана арнайы тігілген киіз үйлерді, бесікті, ат әбзелдерін, берен мылтықты, домбыраны, қамшы мен қасқыр ішік сынды ұлттық құндылықтарымызды көріп қалып жатады.
Шынында кез келген музейлерде де қазақ жәдігерлері баршылық. Қазіргі интернеттің жетегінде кетіп жатқан жас буынға әрбір қазақы жәдігердің мән-мағанасы түсіндірліп жатса құба-құп. Біреуді білмейді, көрген жоқ деп кінә артудан аулақпыз. Ауылдықтар ішінара мал қайыруға қолданатындары боламаса, қамшының қадір-қасиеті мен киесі, дайындалу, қолдану жолдарын кейінгі жастар біле бермейтіні де шындық. Қамшы ұстап ат айдаған соңғы буындар біздің қатарымыз екенін де жасыруға болмайды. Қазақтың қасиетті қамшысының орны мен мән-мағынасының маңызы зор. Сондай-ақ, әр үйде де қамшы кезігіп қалады. Менің шаңырағымда сегіз өрме тобылғы сапты қамшы тұр. Оны 1974 жылы Жезқазған облысының Ұлытау ауданы Шеңбер кеңшарына оқу орнының жолдамасымен барғанымда, қытайдан келген Мұхан деген ағайға бір қой беріп, өрдіріп алғанмын. Ол кісі қытай елінен 1968 жылдары түгел әулетімен қоныс аударған жандар. Мұхан ағайдың сол кездегі 39 жастағы Тастемір деген інісі қамшыгер болған кісі. Сол кісіден естігенімді кейінгілерге жеткізгім келеді.
Әр өңірде әр қалай қамшының бірнеше түрі болады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде заманында қолданылған. Елін қорғаған қамшыгерлер де болған. Қамшының қасиеті мен киесін бір-екі ауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес. Қамшының сыры жеке ғылыми еңбек. Менің айтпағым оқыған-естігенді емес. Кезінде қамшыны қолданып, оның қасиетін біле алған адамның шынайы жан тебіренісін жеткізу.
Осы ойым бұл әңгімеге тұздық болсын, мен жоғарыда айтқан Тастемір ағалардың көшіп келуі өз алдына тарихи әңгіме. Шамамен 1968 жылдары Ресей елі мен Қытай арасында бір келісім арқылы Қытай елінде 1937 жылғы кеңестік төл құжаты (паспорты) бар, сол жақта жүрген отбасыларын еліне қайтару мәселесі қозғалады. Сонымен Қытайда мекен еткен қазақ өкілдері бірнеше жүк вагонына тиеліп, Қарағанды қаласына әкелінеді. Одан әрі елге келгендерді ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге жібермей, Қазақстанның басқа өңірлеріне жіберу тапсырылады.
Дәм жазып 40 отбасы Жезқазған облысының Ұлытау аудандарына қоныстанады. 22 отбасы жоғарыда айтқанымдай Шеңбер кеңшарына келеді. Елін аңсап келген қандастардың арманы ата-бабаларының туып өскен жері Семей облысына жету болды. Артынан естігенімдей, ол армандары орындалған сыңайлы. Мен бұл жағдайға неге тоқталдым? Өзім батыс өңірі соның ішінде қазақы өңір Гурьев облысында туып, батыстағы 4 облысты араласам да шынайы, ешбір жоспарсыз Наурыз мерекесін қарсы алуды осы ағайындардан көріп, біліп, шет елде жүрсе де қазақы салт-дәстүрді қаз қалпында сақтағандарын көңіліме түйген жанмын.
Сонымен, қамшы мәселесіне қайта ойысайық. Сөз басында айтқандай, қамшының 20 түрі болады деп әңгімесін жалғаған Тастемір ағамыз қамшының жасалу жолдарын да айта кетті. Сарыала қамшы, алтынды қамшы, қызға арналған қамшы айта берсек түрі көп дей келе, қолданыстағы қамшыларды бір шолып өтті. Қазіргі қолданыстағы қайыс шыбыртқы, тобылғы сапты, дырау, дойыр қамшылар. Ал дойыр қамшы қару есебінде қолданылған. Қамшыны ұстап-тұтудың да өзіндік талабы болған.
Тақырыпта көрсеткеніміздей, қамшы шаруашылықта қолданылып, ер қаруы да болған. Біздің батыс өңірінің өзінде алысқа кіре тартқан саудагерлерді қамшыгерлер көлденең қарақшы, барымташылардан оқсыз, қамшының күшімен қорғаған жағдайлар көп болғанын тарих танушылар жазып жүр.
Қамшыгер — бұл кезінде той-топыр мен ірі ас берулерде өтетін спорттық жарыс. Бүгінгі таңда бұл елімізде көп қолданылмайды. Қысқаша айтқанда, ерлердің білек күші, шапшаңдығын сынайтын сайыс болған. Жазық далаға қойдың терісін суға салып, бес қабат етіп жайып қойған. Соны атпен шауып келе жатып, қамшымен ұрып екі бөлсе сол қамшыгер жеңімпаз болған.
Біз айтқан Тастемір ағай Қытай елінің шет ауылы Үрімшіде, наурызда өткен салтанатты іс-шарада терінің 4 қабатын дойыр қамшымен тіліп өтіп, сол жылдары үздік қамшыгер атанған. Ал бес теріні тіліп түсіру, қиынның қиыны дейді кезіндегі қамшыгер ағамыз. Қамшы туралы айтар болсақ, қамшының киесі, қадір-қасиеті туралы аіыздар да өте көп.
Сөз түйінінде менің айтпағым өмірден көрген білгенімізді ұттық құндылық, ұлттық спорт, салт-дәстүр басқа да ұлт болмысын кейінгі жастарға айта кетсек, нұр үстіне нұр, жастарға тәрбие, кейінгіге өнеге болар еді.

Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»