Қала базарындағы ауылдың дәмі…

Қай кезде болмасын ел ырзығын тасытып, берекесін арттыратын күз айының маңызы зор. Молшылық айындағы шаруалардың еңбегі мен несібесі де осы кезде сұрыпталып, қарапайым халық үшін де қажеттілігі арта түседі. Өйткені, базар бағасынан сәл болса да арзан, таза, табиғи өнім сатылатын жәрмеңкені қала халқы асыға күтеді.

         Осы орайда өткен сенбі күні  облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарында «Республика күні» мерекесі аясында  біздің, яғни Қарғалы ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Аталмыш жәрмеңкеге ауданымызға қарасты  Кемпірсай, Әлімбет, Желтау және басқа да ауылдық округтерінен шаруа қожалықтары қатысып, қала тұрғындарына қол жетімді бағада өнімдерін ұсынды.

                   

-Жәрмеңкеге 900 келіден астам жылқы еті, 350 келі қой  еті және  бір тонна екі жүз келі сиыр еті әкелінді. Барлық ет өнімдерінің келісі 2 200-2 300 теңгеден ұсынылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары ет өнімдерінен өзге құс еттері мен сүт өнімдерін және де  табиғи балдарды да  осы жәрмеңкеден таба алды. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесін қалада өткізудің маңызы зор. Себебі, қала тұрғындары ауылдың табиғи дәмін тікелей өз қалауларымен тиімді бағада сатып ала алады,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин.

Жәрмеңкеде ет өнімдерінен өзге жергілікті «Арман» шаруа қожалығының картобына деген қала тұрғындарының сұранысы жоғары болды. Осы орайда айта кету керек, Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылындағы  картоп өнімдері дәмі мен сапасына қарай бүгінде біздің ауданның ең танымал және де жоғары сұранысына ие өніміне айналып отыр. Сондықтан да, тұрғындар бұл өнімді артығымен алып қалып жатты.

Сондай-ақ, Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзағұлов та жәрмеңкеде болып, өңірге қарасты шаруа қожалықтарының өнімдеріне оң бағасын берді.

-Бүгінгі жәрмеңкеге біздің округтен «Арман» шаруа қожалығы 3 тоннадан астам картоп өнімін алып келді. Бұл шаруа қожалығы картоптен өзге дәнді-дақылдарды өсірумен айналысады. Картоптың келісі 85 теңгеден сатылды. Ең бастысы өнім өте сапалы да дәмді. Тіпті жарнаманы да қажет етпейді. Өйткені, қоғамда сапалы өнімге деген сұраныс барда оның нәтижесі де бола бермек.  Осы жерде тағы бір айта кететін жайт, бұл картоптарды  жыл бойы облыс орталығындағы үш бірдей ШҚ азық-түлік дүкендерінен сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Жәрмеңкеде үлгермей қалған қала тұрғындары аталмыш дүкендерден ала алады,-дейді округ әкімі.

Республика күніне орай ұйымдастырылған ауыл шаруашылық жәрмеңкелері «Табыс» коммуналдық базарынан өзге «Алтай», «Жібек жолы» және Орталық базарларында да өткізілуде. Мереке аясында  қала тұрғындары ауылдың табиғи  дәмдерін өте  тиімді бағада алып қалуларына мүмкіндік зор. Және де «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастап, шаруашылықтарын дөңгелеткен жеке кәсіп иелерінің де өнімдері ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен табылып, қол жетімді бағада сатылды.

  Жәрмеңкеден сауда жасағандардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Жайнагүл Маханбетова: « Бұл жәрмеңкені естігеннен ауылдың дәмін татуға асығып келдім. Қаладағы  «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жиі өткізіліп тұрады. Біз осы маңға жақын тұрған соң, мүмкіндігінше қалмауға тырысамыз. Қарғалы ауданының жәрмеңкесі өтетінін естіп, арнайы барып, ауыл өнімдерін сатып алдым. Біз үшін ең бастысы ауыл өнімінің сапасы мен маңызы зор. Сондықтан да ет пен көкөністерін қол жетімді бағада алып, мәз болдық. Біздер қалада тұрған соң, мұндай ауылдық өңірлерден келетін ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін әрқашан қолдаймыз»,-деген пікірін білдірді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.

ТегтерЖәрмеңке