Хат-хабардың жаршылары
Әрбір мамандықтың өзіндік ерекшелігі мен халыққа қажеттілігі бар. Солардың бірі-пошташы мамандығының иелері. Осы орайда 9 қазан- Дүниежүзілік пошта күні деп атап өтіліп келеді.
Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін маңызды күндердің бірі. 1874 жылы өткен Бүкіләлемдік пошта одағының он төртінші конгрессінде қабылданған.
Қазақ жерінде де өткен ғасырлардан бері өзіндік дәстүрлік тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған замандарда да қазақ даласының ол шетімен бұл шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болған. Қазақстанда ресми түрде пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы Верный (Алматы) қаласында ашылып, ғасырлар өтсе де өз өміршеңдігін жалғастырып келеді.
Заманына қарай халыққа қызмет етіп келе жатқан «Қазпошта» АҚ биыл 30 жылдығын атап өтті. Сол «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесі біздің ауданда да бар. Қазіргі заманға сай сағына хат жазып, сарғая күтпесек те біраз қажеттіліктер пошта жүйесі арқылы атқарылады. Өрімдей жастар еңбек ететін аудандық пошта байланыс торабында Даригуль Сарина басшылық етеді. Ұжымда өз ісінің маманы Гүлмағрипа Базбекова жастардың ақылшысы, сондай-ақ, тәлімгер жан. Жуырда зейнет жасына да толмақшы.
Аудандық пошта байланыс торабында әр ауылдық округті есептегенде 7 бөлімше қызмет көрсетсе, аудан орталығындағы бөлімше жетекшілік рөл атқарады. Аудан тұрғындарына басылымдарды жеткізумен қатар, коммуналдық төлемдер, әр тарапқа ақша аудару, түрлі тауарларды жіберу, қабылдау, жолдау, зейнет ақы мен жәрдем ақы беру сынды көптеген қызметтер осы шағын пошта қызметкерлерінің еншісінде.
Қариялардың үйіне зейнет ақы мен газет-журнал, хат-хабарларды жеткізуде ауылішілік пошташылардың еңбегі зор. Солардың ішінде Бадамша ауылына қарасты Анастасия Цахер, Евгений Марц, Татьяна Сапрыкина сынды пошташылардың еңбегі орасан зор.
Осы орайда, айта кету керек, олардың еңбектеріне қарай заманауи керек-жарақтары, қарапайым пошташы сөмкесінен бастап, арнайы киім-кешек және велосипедтермен жабдықталған. Ауылдық округтегі пошта жүйсінде де өз ісін мінсіз атқарып, тұрғындар ризашылығына кенеліп жүрген пошта қызметкерлері де баршылық. Мысалы, Петропавл пошта бөлімінің басшысы Азаргуль Байсингарова, Қос Естектен Анастасия Айбекова, Ащылысайдан Марина Рунковскаялар өзгелерге үлгі және өз қызметтеріне өте ұқыпты жандар,- дейді аудандық «Қазпошта» байланыс торабының басшысы Д.Сарина.
Біз де алыстан хабар алғызған еңбек адамдарына жақсылықтың жаршысы болып, еңбектерінің жана беруіне тілектеспіз. Алыстағы ағайынның қызметіне жарап, халықтың көзі мен құлағына айналған сүйікті басылымын я болмаса әртүрлі сәлемдемені уақытылы және жылдам жеткізетін пошташылардың еңбегі қашан да ерен. Әрине, қазір пошта қызметі басқаша сипат алып, ұсынатын қызметі де заманауи тәсілмен толығып келеді. Бірақ мұның барлығы пошта қызметінің халық арасындағы құрметін арттырмаса, түсірген емес. Қазпошта – күн сайын халықпен жұмыс істеп, әрбір тұтынушыға сапалы қызмет ұсынып, жайлы орта қалыптастыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік құрылым.
Бақыт ИМАШЕВ.