ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ӨНІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

“Ас – адамның арқауы” деп ата-бабамыз тамақтануға ерекше мән берген. Жалпы кез-келген адамның тамақтану рационында ет, сүт, жеміс-жидек өнімдері алғашқы орындардың бірінде тұратыны белгілі. Дастарханымыздың әрін кіргізетін осы өнімдердің денсаулығымызға ешбір зиянсыз, сапалы болуын бәріміз қалаймыз. Дегенмен қазіргі таңдағы азық-түлік, яғни, тамақ өнімдерінің сапасы сын көтермей отыр. Дүкен сөрелерін жаулаған түрлі өнімдердің қатарында құрамында ГМО-ы жоқ тағамды табу қиынға соғатыны жасырын емес.

Жалпы осы — ГМО (генетикалық модификацияланған организмдер) биотехнологиялық әдістермен генетикалық құрамы өзгертілген организмдер дегенді білдіреді. Гендік модификацияланған организмдерді (ГМО) өсіру үшін бір организмнің генін басқа бір өсімдіктің немесе жануардың ДНҚ-сына енгізіп, трансгенизация жасайды.

Бұл операция арқылы организмнің кейбір табиғи қасиеттері өзгертіледі. Мысалы: картоп генінің қатарына сарышаян генін қосу нәтижесінде ешқандай жәндік жемейтін картоп түрі, қызанаққа солтүстік қамбаласының генін қосудан аязға төзімді, үсімейтін қызанақ түрі, жалпы аязға төзімді, жәндіктер жемейтін, құрт түспейтін, ұзақ сақталатын қасиеттері бар түрлер алынады. Өндірушінің бұл шаралардың барлығын жоғары өнімділік, мол қаражат пен аз шығынды көздеу мақсатында жасайтыны анық.

“Таяқтың екі ұшы бар” дегендей, бұл үрдіс өндірушілерді мол қаражатқа кенелтсе, тұтынушы тараптың денсаулығына үлкен кесірін тигізуде. Қазіргі таңда ГМО-ның дүниежүзіне кең тарап кетуінің кесірінен адамдар  арасында ұрпақсыздықтың дамуы, қатерлі ісік ауруларының көбеюі, тұқым қуалайтын кемтарлықтың  пайда болуы мүмкін екендігін белгілі ғалымдар нақты дәлелдеген.

Бұрын ата-бабамыз қымыз, шұбатын ішіп, ет пен құрт-ірімшігін жеп-ақ дерттің алдын алған.  Ата-бабамыздың алып тұлғалы, батыр да, дана болуының бір сыры осы деп білемін.

Сондықтан да, дәрігер ретінде қазағымыздың ежелден келе жатырған ағзаға пайдалы өнімдерді ғана тұтынып, денсаулықты қазірден бастап күтуге кеңес беремін!

Айнагуль БЕРЖАНОВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы