ҒАРЫШҚА САЯХАТ

12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Адамзат баласының алғаш Жер орбитасын айналып өтіп, ғарышқа сапар шеккен уақыты тарих жадынан, келер ұрпағымыздың есінен шықпауы тиіс. Өйткені,  бұл күн  мен тарихи сәт елдігіміздің жемісі.

         Кеңес Одағының аға лейтенанты Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде алғаш рет ғарышқа ұшып, ол 108 минутқа созылған ғарыш сапары барша әлемге әйгілі болып, адамның ғарышқа қадам басқан сәті болып, мәңгілікке қалды. Содан бері қанша жылдар өтсе де санамызда мәңгілікке сақтаулы тұр.

         Ал Қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан (1991 жыл, 2 қазан) отандасымыз, ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров еді. Ол өзінің ғарышқа сапарын «СоюзТМ-13» кемесі арқылы жүзеге асырды. Ғарышта жүріп, өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. 

         Осы орайда аталмыш тарихи күн қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 11 сәуір күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғарыш әлемі туралы кең мағлұмат беру мақсатында №2 Бадамша орта мектебінің 6 сынып оқушыларына «Ғарышқа саяхат» атты зияткерлік сайыс өткізді.

Аталған шарада Қазақстан еліндегі Байқоңыр ғарыш айлағы мен мерекеге орай Кеңес үкіметінің және қазақ еліндегі тұңғыш ғарышкерлер туралы мағлұматтар берілді. Білім алушылар «Қазақстандық ғарышкерліктің тарихы» атты сауалнамаларға жауап беріп, «Бәрі ғарыш жайлы» атты сөзжұмбақтар шешті. Аталған шарада оқушылар адам, жер, жер шарын меңгеруде ғарышкерлік ғылымға қажетті құрал екендігі жайлы  қызықты ақпараттар алды.

         Зияткерлік сайыстың өткізілуі жайлы музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова былай дейді:

-1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның «Байқоңыр» айлағынан алғашқы ғарыш кемесі көкке көтерілді. Бұл-адамзат тарихындағы айтулы оқиға еді. Осылайша Юрий Гагарин-әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр — ғарыш аймағына айналды. Одан бергі аралықта қаншама ғарышкерлер аспан әлеміне сапар шекті. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды. Бүгінгі іс-шараның да мақсаты осында. Өскелең ұрпақ тарихымызды біліп өсуі тиіс.  Елімізден шыққан ұлы тұлғалар есімімен мақтанып, өзінен кейінгілерге дәріптеп отыру маңызды іс. Ғарыш әлемі оқушылар үшін өте қызықты тақырып. Сондықтан да, олардың білуге құштарлықтары өте ерекше болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ