Этномәдени бірлестіктер басшыларымен кездесті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Астанадағы Достық үйінде республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті.
Кездесуде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылған бастамалар мен этномәдени бірлестіктердің елдегі саяси жаңғырудың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысу мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның еліміздің орнықты дамуында маңызы зор екенін атап өтті. Ерлан Қариннің айтуынша, мемлекеттік саясаттың «Бірлігіміз – әралуандықта» мызғымас қағидаты қоғамдық бірліктің негізі саналады.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері Мемлекет басшысының мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттағы бастамалары мен шешімдері, сондай-ақ Құрылтайдың бесінші отырысында айтылған ұсыныстар ел дамуының жаңа кезеңіне қатысты тұтас көзқарасты қалыптастыратынын жеткізді.
Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Президент бастамаларын қолдайтынын білдіріп, алдағы реформаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуға дайын екенін айтты.




