Ерекше жандарға құрмет көрсетілді

Ерекше күтімді қажет ететін жандар қашан да қоғамның басты назарында. Бүгінгі таңда ауданымызда 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар қай кезде де қоғамда қолдауды қажет етеді.

         Қазан айының екінші жексенбісі ерекше жандар үшін ерекше күн. Осы мақсатта «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатып, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасауды жақтайтын  «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мен іргелі істердің қасында жүретін аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы рухы мықты, жігері жалынды ерекше жандарға құрмет көрсетті.

-Жылдағы дәстүрге сай біздер қазан айында ерекше жандарды атаулы мерекелерімен құттықтаймыз. Биылда мереке иелеріне деген құрмет өз жалғасын тауып, қауымдастық мүшелері ауданымыздағы әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына арнайы барып, мерекелерімен құттықтап,  өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдіріп, мерекелік сый-сияпат табыс етті.

«Біріксек біз мықтымыз» демекші, мен әрқашанда қоғамда жақсылық жасап, бір-бірімізге қолдау білдіруге шақырамын. Осы сәтті пайдалана отырып, ауданымыздағы қайырымды істердің басы-қасынан табылатын Іскер әйелдер қауымдастығының әрбір мүшесіне ризашылығымды білдіремін,-деген алғысын жеткізді қауымдастық төрайымы Надежда Заглядова.

Расында, мейірімділік — адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Сондай-ақ, мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс — тіршілігін, жан — дүниесін жадырататын, шат — шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі. 

         Дәл осы қасиет жайында Жүсіп Баласағұн былай дейді: кір тигізбей ұста ойыңның өрісін, мейірім етсең — мейірімділік көресің,- деп мейірімділікке зор мән берген. Ендеше, әрқашанда қоғамда жақсы істердің қасында болуға ұмтылайық!

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.