ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ – ЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Ер елдің қорғаны» атты мерекелік салтанатты шара өтті.

Ел тыныштығы мен бейбіт өмір – Отанын шексіз сүйіп, ел қауіпсіздігін қырағылықпен күзететін азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Отан қорғаушылар күні – осы абыройлы міндетті арқалап жүрген ерлерге құрмет көрсетіп, олардың ел алдындағы ерен еңбегін ұлықтайтын айрықша мереке.

Мерекелік жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, Отан қорғау – әр азамат үшін қасиетті парыз екенін атап өтті. Сондай-ақ ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқарып жүрген сала мамандарына алғыс білдіріп, бірқатар азаматтарға марапаттар табыс етті.

             

Марапатталғандар қатарында Әлімбет шекара бөлімшесінің барлаушылары Саят Кесікқұл мен Бекзат Кәкімжан, аудандық полиция бөлімінің жүргізушісі Мейіржан Аманғос, полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының қызметкері Сергей Швец, аудандық ТЖБ №13 өрт сөндіру бөлімінің бастық орынбасары, азаматтық қорғау майоры Шернияз Серіков, өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Тимур Искаков, прокуратура күзетшісі Мамбет Альжанов және аудандық қорғаныс істері бөлімінің күзетшісі Нұртас Нұрболатов бар.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Ұшқын» халықтық жастар театры әскери өмір көріністерін сахналаса, «Наз» халықтық би ансамблі мен аудан өнерпаздары патриоттық рухтағы ән-билерін ұсынып, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.

Отанды қорғау – ерлік қана емес, үлкен жауапкершілік. Ел қорғаны болған азаматтарға көрсетілген бұл құрмет – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытып, елге адал қызмет етудің қадірін ұғындырған тағылымды шара болды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерМереке