ЕКІ ОКРУГТІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАҚ СЫНАР ЖОБА
ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА ОРАЙ, ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНДА ӨҢІРІМІЗДЕ «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНЫП, 3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН БОЛАТЫН. БИЫЛ 3,5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚОСЫМША ҚАРАЖАТ БӨЛІНДІ. АТАЛҒАН ШАПАҒАТЫ МОЛ ЖОБАҒА БІЗДІҢ АУДАНДАҒЫ ҚОС ЕСТЕК, КЕМПІРСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІ АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП ҚАТЫСЫП, БАҚ СЫНАМАҚШЫ.
Игі жақсылықтың бастамасын білу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейловпен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.
— Айсұлтан Айтмырзаұлы, «Ауыл аманаты» — ауыл тұрғындарына зор мүмкіндік сыйлайтын жоба деп жатыр. Сол туралы таратып айтыңызшы…
— Расында, «Ауыл аманаты» жобасы — жақсы бастама, үлкен үміттің бастауы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жыл ауылдық жерлерді барынша дамытуға арналады. Біздің облыс Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Көпшілікке мәлім, бұл жоба өңірде өткен жылдың қараша айында басталды. Оған дейін жобаға қатысатын ауылдар толық скринингтен өткізіліп, әлеуметтік портреті анықталды.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов осы жылдың алғашқы жұмыс күндері облыста кеңейтілген жиын өткізіп, тапсырмалар берді. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдың берекесін арттыратыны анық.
— Жобаға кімдер қатысады?
— Жоба басталмай тұрып, оған қатысатын барлық аудандардағы ауылдық округтер мен елді мекендерге скринингтік талдау жүргізілді. Нәтижесінде, инфрақұрылымы дамыған, логистикалық мүмкіндігі бар, шағын бизнес ашуға, мал және құс, өсімдік шаруашылықтарын дамытуға және үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға болатын ауылдар іріктелді.
Осылайша, облыс бойынша жобаның алғашқы легіне қатысатын облыстағы 12 ауданнан 24 ауылдық округтің 61 елді мекені анықталыпты. Ал біздің Қарғалы ауданынан Қос Естек, Кемпірсай ауылдық округтерінің кәсіп ашуға ынталы тұрғындары қатысып, бағын сынап көреді.
— «Ауыл аманаты» жобасының ерекшеліктері, талаптары қандай?
— Бұл жобаның мақсаты — ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, табысын еселеп, ауылға тұрақтандыру, ел бесігі — ауылды өркендету. Жобаның ең басты ерекшелігі — бұған тек кәсіпкерлер мен шаруалар ғана қатыспайды, өзін өзі жұмыспен қамтуға немесе жеке кәсіп ашуға ынтасы бар тұрғындар да атсалыса алады. Биыл бұл бағдарлама аясында ақтөбеліктерге қаражат беру тетігі барынша жеңілдетіліп отыр. Яғни, тұрғындар ауылдағы тұрып жатқан үйлерін кепілге қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — бұрын-соңды болмаған үлкен мүмкіндік. Мәселен, бұрын шаруалар несие алу үшін үйін кепілге қоя алмай қиналатын. Бұл да ауылдықтарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық деуге болады. Бұл жобаның ауқымы — кең, мүмкіндігі — мол. Біздің облыстағы жобаны жүзеге асырудағы тағы бір ерекшелік — мал шаруашылығын дамыту үшін ірі қожалықтар есебінен тауарлық несие беру болып отыр, анығында, мал басымен. Бүгінгі күні 19 ірі қожалық есебінен 38 жеке қосалқы шаруашылыққа 577 бас мал несиеге берілді, шаруалар оны енді қаржылай емес, төлдің есебінен қайырады.
— Несиені рәсімдеу де біраз шаруа ғой?
— Биыл құжат жинаудың шабысы аздау болмақшы. Әуелі Ақтөбе қаласындағы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жолығасыздар. Біз де қолдан келген көмекті аямаймыз. Жобаның жоспарында қаралғандай, ауылдықтарға бағдарламаның маңыздылығын түсіндіру үшін облыс басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жан-жақты тартылған. Бұл да өз кезегінде ауылды өркендетуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының нақты жүзеге асырылып, нәтижесін көруге жұмылуды білдіреді.
— Ендеше, іске сәт, ауылдастар!
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ.